Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан 7 адам қаза тапты

Көркем Алдабергенова 02 жел. 2025 10:13

Алматы – Бішкек автожолының 129-шақырымында ірі жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полицияның алдын ала мәліметінше, Honda Odissei көлігінің жүргізушісі алдынан келе жатқан HOWO жүк көлігінің тіркемесіне соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл автокөлікте болған жеті адам, оның ішінде жүргізуші де алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырған.

Оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұл кейінгі он күнде облыста тіркелген екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін дәл осы тасжолда жол апатынан алты адам қаза тапқан. 

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында да жантүршігерлік жол апаты болып, салдарынан сегіз адам қаза тапқан еді. 

Талдау

Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда жол апатына кінәлі жүргізушілердің 81%-ы бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған, бұл қайталану деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.

Мәселен, ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзып, оның 13-і – жылдамдықты арттыру фактілері. 8 қаңтарда қарсы жолаққа шығып, салдарынан өзі және екі жолаушысы қаза тапты. Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады.

Тағы бір жағдайда жүргізуші соңғы екі жылда 72 рет жол қозғалысы ережесін бұзған, оның ішінде 2025 жылы жылдамдықты арттырғаны үшін 30 рет жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 30 тамызында Алматы қаласында жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне әкелген.

Статистика

Сонымен қатар, Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы төрт айында жол-көлік оқиғаларының саны күрт артқан. 9,2 мың жол апаты тіркелген, бұл 2023 жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда үш есе көп. Апат салдарынан 558 адам қаза тапты, шамамен 12,5 мың адам түрлі жарақаттар алды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар