Алматы облысы Іле ауданындағы Мұхамеджан Түймебаев ауылында орналасқан №20 орта мектептің жертөлесін тағы су басып, ата-аналар дабыл қағуда. Миллиардтан астам қаржы жұмсалып, жуырда ғана қолданысқа берілген білім ордасының қазіргі жағдайы жұртшылықтың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Almaty.tv Іле ауданының бас ауруына айналған мектептен тағы шу шыққаны туралы репортаж әзірлеген. 900 оқушыға арналған мектеп биыл қыркүйекте бір жылдық жөндеуден кейін қайта ашылған. Алайда арада бірнеше ай өтпей жатып, жертөле суға толып, қабырғалар сыз тартып, ашық жатқан электр сымдары мен ылғал дәліздер пайда болған. Ата-аналар түсірген бейнежазбаларда мектеп ішіндегі қауіпті жағдай анық көрінеді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жөндеу жұмыстары асығыс әрі сапасыз жүргізілген. Қабырғалар жарылып, ғимараттың қауіпсіздігіне күмән туындаған. Балалары осы мектепте оқитын ата-аналар арнайы комиссия шақырып, нысанды толық тексеруді талап етуде.
Мердігер компания өкілдері судың кәрізден емес, жер асты суларының көтерілуінен шыққанын айтады. Ал білім бөлімі нақты себепті әлі анықтай алмағанын мәлімдеді. Ресми дерекке сәйкес, мектеп ғимараты бұған дейін апатты деп танылып, аудан әкімдігінің теңгеріміне өткен. Кейін сейсмокүшейту және қалпына келтіру жұмыстарына бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл туралы Dalanews арнайы материал жариялаған.
Іле ауданы әкімдігінде нысан әлі толық қабылданбағанын, анықталған кемшіліктер бойынша мердігер компанияға сот арқылы талап қойылғанын хабарлады. Қазір жертөледегі суды дренаждық жүйе арқылы сорып шығару жұмыстары жүргізілуде. Алайда бұл әзірге уақытша шешім ғана.
Он жыл бұрын салынған мектептің қайта жөндеуден кейін де сапасыз күйде қалуы – ата-аналардың басты алаңдаушылығы. Ал жауапты органдар мәселені толық тексеріп, қосымша сараптама жүргізуге уәде беріп отыр.
