Алматы облысында із-түзсіз жоғалған әскери тікұшақтың сынықтары мен бір адамның денесі табылды

Ақтоты Жапатова 09 там. 2025 13:32

Алматы облысында 25 шілдеде жоғалып кеткен әскери тікұшақтың ішінара сынықтары мен бір адамның мәйіті табылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, оқиға орын алған алғашқы сағаттардан бастап тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген. Операцияға Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа да ведомстволардың күштері жұмылдырылды.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ қолдауымен спутниктік деректер және математикалық есептеулер арқылы тікұшақтың ықтимал орналасқан аймағы анықталған. Арнайы техника мен іздеу топтары дереу сол ауданға жөнелтілді.

"Су астында жүргізілген жұмыстар кезінде шамамен 14 метр тереңдіктен тікұшақтың ішінара бөлшектері және бір адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта сәйкестендіру процедурасы жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Іздеу жұмыстары су астындағы көрінудің нашарлығы мен лайлы тұнбаларға байланысты қиындық туғызған. Соған қарамастан, жұмылдырылған күштер операцияны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін үйлесімді жұмыс істеуде.

Еске салайық, Әуе қорғаныс күштерінің EC-145 тікұшағы бортында үш әскери қызметшімен бірге 25 шілдеде Луговое елді мекенінен жоспарлы ұшып шыққаннан кейін байланысқа шықпай қалған. Кейін Сорбұлақ су қоймасы маңында ғарыштан түсірілген суретте майлы дақ байқалып, сол жерде әуе кемесінің сынықтары табылған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар