Алматы облысында Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы мен Шелек ауылында коронавирус инфекциясының көптеп тіркелуіне байланысты карантин жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еңбекшіқазақ ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Миржан Әзірбаев экономикалық және (немесе) басқа қызметке және халықтың өміріне ерекше жағдайлары бар карантиндік режимді енгізу туралы тиісті шешімдерді қабылдады.
Осы шешімдерге сәйкес, Есік қаласы мен Шелек ауылының периметрі бойынша карантиндік аймақтардың шекаралары бір күн бұрын 00.00-ден бастап белгіленіп, блок-бекеттер қойылды. Шектеу шараларының режимі мен мерзімдері COVID-19 - жаңа вирусының таралу деңгейіне қарай өзгертілуі мүмкін.
Қабылданған шешімдерде Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасындағы жедел жәрдем қызметі жұмысының ерекшелігіне баса назар аударылған.
Сонымен, ауруханалардағы бөлімдер 3 В қағидаты бойынша жұмыс істеуге көшеді: бейнебақылау, желдету және визуализация. Әр ауысым басқа ауысымның адамдарынан оқшауланады.