Алматы облысында полиция қызметкерін көлікпен сүйреп өткен жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізуші полицейді өз көлігімен сүйреп өтті. Байсейіт ауылында сеніп тапсырылған учаскені бақылау кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция капитаны Қанат Темірбаев пен Эльдар Махмудов жол ережесін бұзғаны үшін Toyota Ipsum автокөлігін тоқтатты.
Хаттаманы толтыру кезінде Достық ауылының 34 жасар жүргізушісі заңды талаптарға бағынудан бас тартты. Полицейлерді елемей, ол көлікке отырып, капитан Темірбаевтың саусақтарын есігімен қысып қалғанына қарамастан, орнынан жылдам қозғалып, офицерді шамамен 10-15 метр сүйреп өтті. Полиция қызметкері тасжолдың үстіне құлап, жарақат алды.
Құқық бұзушы тәртіп сақшыларынан жасырынуға тырысты. Оған қарамастан, бұл әрекет нәтижесіз болып шықты. Көп ұзамай ол ұсталып, Шелек ауылының полиция бөліміне жеткізілді.
Билік өкіліне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, ал жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сонымен қатар, оған жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.