Алматы облысында балықшыларға оқ атқан азамат 15 жылға сотталды

Асель Қайратқызы 26 қар. 2025 14:31

Алматы облысында балық аулаумен айналысқан үш адамды өлтірмек болған ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында хабарланғандай, оқиға 2024 жылдың 26 ​​қазанында болған.

Азамат Т., Қонаев-Бақанас тас жолының 26-шы шақырымындағы шаруа қожалығының бірінде отырып, алкогольдік ішімдік ішіп, сағат 22:00 шамасында Іле өзенінің жағалауына қарай бет алған. Балық аулап жүрген үш азаматты – У., Д. және К.-ны көріп, олардың бағытында мылтықтан бірнеше рет оқ атқан.

Үшеуі де әртүрлі дәрежедегі жарақат алғанымен, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында  жәбірленушілер аман қалды.

Сот отырысы барысында жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, сот-медициналық сараптамасының қорытындылары, тергеу хаттамалары және басқа да дәлелдемелер зерттелді.

Ұсынылған материалдар негізінде сот сотталушының әрекетін екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу ретінде саралау керек деген қорытындыға келді.

Сот азаматты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігімен және 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп таныды, бұл ретте ауырлататын мән-жай ретінде алкогольдік масаң күйді көрсетті.

Сот Т.-ны 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге үкім етті. Одан сот сараптамасын жүргізуге байланысты процессуалдық шығындар да өндірілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар