Алматы облысынан, су тасқыны болған өңірлерге көмек қолын созған батырларға ерекше алғыс білдіріліп, марапаттар табыс етілді

Dalanews 11 мам. 2024 12:57 3762

Бүгін Қонаев қаласында салтанатты шара өтіп, онда Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов, батыс және солтүстік өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға, баға жетпес көмек көрсеткен Алматы облысының бірқатар азаматтарына, облыс басшысының атынан алғысын білдіріп, лайықты марапаттар табыстады. Олардың жанкештілігі мен ерлігі және гуманитарлық көмек беруі, Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігінің айқын көрінісін көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Табиғат апатының алғашқы күндерінен-ақ, Алматы облысының тұрғындары көмек қолын созуға белсене кірісті. 500-ден астам еріктілерді біріктіретін «Күшіміз бірлікте» волонтерлік штабы құрылды. Олар азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары мен тұрмыстық техниканы қоса алғанда, 400 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жинады. Бұл көмек су тасқынынан ең көп зардап шеккен Батыс Қазақстан, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарына дер кезінде жөнелтілді.

Қолдау тек материалдық ресурстармен шектелмеді. Өңірдегі бизнес құрылымдары арнайы шотқа 90 миллион теңгеден астам қаржы аударып, бұл қаржы бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге және мұқтаж жандарға көмек көрсетуге жұмсалды. Алматы облысының 50 құтқарушысы мен әскери қызметкерлері, зардап шеккен аймақтардағы әріптестерімен иық тірестіре отырып, адамдарды эвакуациялау және табиғи апаттың зардаптарын жоюға белсене атсалысты.

«Бүгін біз қиын-қыстау кезеңде Отандастарына көмек қолын созған нағыз батырларды құрметтейміз», - деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

Осы игі іске атсалысқандардың барлығына, және осы салтанатты шараға белгілі себептермен қатыса алмағандарға шынайы алғысын білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар