Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында алдын ала қойылған тірек қабырға тұрғындарды топырақ көшкінінен аман сақтап қалды.
Орынды жасалған қадам мен оңды шешімдер сын сағатта өзінің өміршең қуатын әйгілейтіні бар. Сол үшін де қауіп пен қатерді алдын ала бағамдай білудің маңызы аса зор екені айтпаса да түсінікті. Кезінде жасалған сақтық шарасы айтып келмес апатты ауыздықтауға үлкен мүмкіндік берді.
2 мамыр күні сағат 11:20-да ауа райының жиі құбылуына байланысты Талғар ауданы Бесағаш ауылы Баянауыл көшесіндегі №8 «Бурабай» коттедж қалашығына тау баурайынан көлемі шамамен 30 текше метр топырақ көшкіні түсті. Алайда жергілікті апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Өйткені, «Бурабай» коттедж қалашығы Баянауыл көшесіндегі №16 үйдің тұрғындарын көшкіннен қорғау мақсатында 2021 жылы биіктігі 4 метр және ұзындығы 144 метр тірек қабырға салынған еді. Осы тірек қабырға топырақ көшкініне тосқауыл болды. Осылайша, үйлер бүлінбеді, адамдар зардап шеккен жоқ.
Аталмыш үйде 80-ге жуық адам тұрады. Жылына екі рет көшкін қаупі бар кезеңде «Қазселденқорғау» ММ мамандары қауіпті учаске тұрғындарына көшкіннің болу қаупі туралы хабарлама жібереді. Қазіргі уақытта тірек қабырғасын ұзарту және тауды каскадты кесу арқылы тау массивін жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құлаған топырақты шығару дер кезінде жүзеге асырылуда. Апат аумағында «Қазселденқорғау» ММ, Төтенше жағдайлар департаменті және «Қазгидроспецстрой» ЖШС қызметкерлері, басқа да қажетті мамандар жұмыла жұмыс істеуде. Алда қауіпті сейілтуге бағыталған жұмыс өз жалғасын таппақ.
Еске сала кетсек, өткен айда аталған көшедегі жотаның үстіне салынған үй көшкін салдарынан қираған болатын.