Алматы метросын салу кезінде ақша жымқырылған: сот үкімі күшінде қалды

Көркем Алдабергенова 22 там. 2025 12:06

Сот Алматы метросын салу кезіндегі ақша жымқырудағы айыпталушыларға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын және қаржылық өндіріп алуды күшінде қалдырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 22 шілдеде метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезегін салу кезінде аса ірі көлемде ұрлық жасалды деген іске байланысты сотталғандар мен олардың адвокаттарының апелляциялық шағымдарын қарады. Әңгіме «Сарыарқа» және бұрын «Достық» аталған, қазір «Бауыржан Момышұлы» станцияларын салу жайлы болды.

Мемлекетке келтірілген шығын 5 млрд теңгеден астам деп бағаланды. Айыпталушылар оны бірлесіп өтеуге міндеттелді, сондай-ақ олардың мүлкіне тыйым салынды.

Құны 62 млрд теңгелік станцияларды салу тендерін 2015 жылы «Алматыметрокұрылыс» ұтып алған. Жұмыс тек 2022 жылы аяқталды.

«Метрополитен» және «Алматыметрокұрылыс» компанияларының бұрынғы басшыларына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өзге фигуранттар 2 жыл 9 айдан 8 жылға дейін түрме жазасы тағайындалды.

Адвокаттар үкімді жоюды және жаңа сараптамалар тағайындауды талап етті. Бірақ апелляциялық сот қолда бар дәлелдерді жеткілікті деп таныды.

Мүлік пен қаржыға салынған тыйым мемлекетке келтірілген шығын өтелгенге дейін сақталады. Ал кепілдік қаражаттың бір бөлігі қайтарылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар