«Райымбек батыр» станциясында метрополитеннің заманауи қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін жаңа уақытша қоршаулар орнатылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар екі негізгі қызмет атқарады – жолаушылар үшін қорғаныс құралы болып табылады және жарнамалық плакаттарды ілуге пайдаланылады.
Қазіргі уақытта бұл қоршаулардың жел жүктемесіне төзімділігі тексеріліп жатыр. Барлық қажетті сынақтардан өткеннен кейін осындай қоршаулар метроның басқа станцияларында да орнатылатын болады.
Сонымен қатар, метрополитен өкілдері бұрын орнатылған темір қоршаулардың да тексеріліп жатқанын, қажет болған жағдайда олардың алынатынын атап өтті.
– Алматы метрополитені жолаушылардың жайлылығы үшін инфрақұрылымды жетілдіруге әрдайым ұмтылады. Бұл шешім автоматтандырылған платформалық есіктер (screen doors) орнатылғанға дейінгі уақытша шара болып табылады. Барлық жұмыстар кәсіпорынның өз қаражаты есебінен, бюджет қаражатын тартпай жүргізілуде, – деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметі.