Алматы әкімдігі 2025 жылғы 14-26 наурыз аралығында 35 жасқа дейінгі қала жастары үшін «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жеңілдетілген тұрғын үй несиелерін алу бойынша өтінішті қабылдау басталғанын мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Бағдарламаға қатысуға өтінішті www.almaty-zhastary2025.kz ресми сайты арқылы беруге болады, авторизация электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады.
Бағдарлама аясындағы несиелендіру шарттары:
- Ең жоғарғы несие сомасы – 20 млн теңгеге дейін;
- Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
- Бастапқы жарна – 10%;
- Бастапқы және қайталама тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі;
- Бағдарлама бойынша қамту – кемінде 2550 адам, оның ішінде 1050 «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушылары.
Бағдарламаға қатысу үшін негізгі талаптар:
- Өтініш беруші мен оның жұбайының (зайыбының) өтініш беру кезіндегі Алматы қаласында тұрақты тіркеуі болуға тиіс.
- Өтініш берушінің жасы өтініш беру сәтінде 35 жастан аспауы тиіс (жұбайының жасына қарамастан). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады (бар болса).
- Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауға тиіс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлату фактілері болмауы керек.
- Өтініш беруші соңғы 6 (алты) айда Алматы қаласында ресми түрде жұмыс істеген болуы керек және міндетті зейнетақы жарналары төленуі қажет. Қатысушы таңдаған келесі салалардың бірінде еңбек өтілі болуы керек: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, қалалық коммуналдық қызметтер.
«Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының (2019-2024 жж.) жалға алушылары үшін жас шектеулері, тұрғылықты тіркеу талабы және ресми еңбек өтіліне қойылатын талаптар қолданылмайды.