Freedom Inside '26

Алматыдағы Family Park-ты мемлекет меншігіне қайтармақ: парк мәлімдеме жасады

Алматыдағы Family Park-ты мемлекет меншігіне қайтармақ: парк мәлімдеме жасады
Family park

Алматыдағы Family Park әкімшілігі саябақтың тағдыры қыл үстінде тұрғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, парк орналасқан жер телімін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтеріліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әкімшілік бұл орынның көпшілік үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Олардың сөзінше, Family Park көптеген алматылықтың балалық шағымен, отбасылық серуендерімен және мерекелік демалыстарымен байланысты. Көп жылдан бері саябақ қала тұрғындарының ең танымал демалыс орындарының бірі болып келеді.

Мәселе AMANAT партиясының Алматы қалалық филиалында өткен «Жер аманаты» комиссиясының отырысында қаралған. Жиында тұрғындардың өтініштері, саябақтың жағдайына қатысты шағымдар және қоғамдағы талқылаулар негізінде бұл мәселе көтерілгені айтылған.

Алайда Family Park әкімшілігінің мәлімдеуінше, өздеріне аталған өтініштер мен шағымдар көрсетілмеген. Соның салдарынан олардың мазмұнымен танысып, түсініктеме беру мүмкіндігі болмаған.

Сонымен қатар отырыста парк орналасқан жер телімін пайдалану заңдылығы қаралған. Бірақ әкімшілік өкілдері талқылауға шақырылмағанын және оған дейін паркке ешқандай ресми талап не ескерту келіп түспегенін айтты. Кейін ғана жалдау шартын бұзу туралы хабарлама алған.

Осыған байланысты Family Park әкімшілігі бірқатар сұрақ қойды. Атап айтқанда, неге 27 жыл бойы заңды деп танылған жалдау шартын дәл қазір бұзу қолға алынғанын, неге паркке оның жағдайына қатысты ресми ескерту жасалмағанын және «көптеген шағымдардың» әкімшілікке не үшін ұсынылмағанын түсіндіруді сұрады.

Сондай-ақ парк өкілдері неге оларды талқылауға қатыстырмағанын, жалдау шартын бұзу туралы хабарлама мен сотқа талап арыздың бір күнде жолданғанын және сотқа дейінгі реттеу рәсімі неге жүргізілмегенін сұрап отыр.

Бұдан бөлек, әкімшілік түрлі мемлекеттік органдардың жоспардан тыс тексерулері қандай мақсатпен басталғанына да жауап күтетінін мәлімдеді.