2025 жылы Қазақстанда 73,8 млрд теңгенің несиесі толық немесе ішінара есептен шығарылды. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер 54,9 млрд теңгенің, ал микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер 18,9 млрд теңгенің берешегін кешірген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сонымен қатар, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша проблемалық берешекті реттеуге арналған жеке жоспарлар аясында жалпы 814,3 млрд теңгенің қарызы қайта қаралды. Оның ішінде банктер 332,4 млрд теңгенің, микроқаржы ұйымдары 400,8 млрд теңгенің, ал коллекторлық агенттіктер 81 млрд теңгенің берешегін реттеген.
Осы жұмыстардың нәтижесінде жалпы 740,4 млрд теңгенің несиесі қайта құрылымдалды. Атап айтқанда, банктер 277,5 млрд теңгенің, ал микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер 462,9 млрд теңгенің несиесінің төлем шарттарын қайта қараған.
Сондай-ақ, азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу мақсатында жаңа шектеулер енгізілді. Енді соңғы 36 ай ішінде несиесі кешірілген немесе жасанды түрде қайта құрылымдалғаны туралы мәліметі бар, төлем қабілеті төмендеу қаупі жоғары азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беру шектеледі.
Бұдан бөлек, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті деңгейін сақтау үшін мерзімі бес жылдан асатын кепілсіз тұтынушылық несиелерді беруге де шектеу қойылды. Бұл шаралар халықтың артық қарыздануын азайтып, қаржы нарығындағы тәуекелдерді төмендетуге бағытталған.