Оңтүстік Кореяның арнайы прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ельге өлім жазасын тағайындауды талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мұндай өтініш Сеул жоғары сотында бүлік ұйымдастыру ісі бойынша апелляциялық тыңдау кезінде айтылды. Айыптаушы тараптың пікірінше, бұрынғы мемлекет басшысына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тым жеңіл болады.
Прокуратура бірінші сатыдағы соттың бұрынғы әскери қолбасшы Но Сан Вонның жазбаларын дәлел ретінде қабылдамау туралы шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Тергеу нұсқасына сәйкес бұл материалдар әскери жағдай енгізуге дайындық жүргізілгенін растайды.
Осы іс аясында бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ен Хенге де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау сұралды. Тергеу органы оны астыртын жоспардың негізгі қатысушыларының бірі деп санайды. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот оған 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын.
Еске салайық, ақпанда сот Юн Сок Ельді 2024 жылы әскери жағдай енгізуге әрекет жасады деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырған.