RAMS құрылыс компаниясы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қалашығында тоғыз қабатты бес үй салуды көздеп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжілісмен Ерлан Саировтың айтуынша, аталмыш компания Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттеріне тиесілі жерді иемденіп алған. Бұл туралы ол Facebook парақшасында мәлімдеді.
Видеода депутат кампустың қақ ортасынан қазылған шұңқырды көрсетіп, мәлімдеме жасаған.
"Достар, біз қазір Алматыдағы Ұлттық аграрлық университетінің қалашығында тұрмыз. "Ескі Қазақстан" өкілдері осы студенттер қалашығының ішіне әлімжеттік жасап, тоғыз қабатты бес үй соқпақшы болған. Мына айналаның бәрі студенттік қалашық. Міне, осы қалашықтың ортасын ойып, осындай бассыздыққа барған. Менің ойымша, студенттерге мұндай әлімжеттілік жасауға болмайды. Біздің болашағымыз жастар дейтін болсақ жастарға дұрыс білім алуға және ғылыммен айналысуға жағдай жасауымыз керек. Сол себепті мұндай бассыздыққа тосқауыл қоюымыз керек", - деді Cаиров.
Осы тұста мәжілісмен бұл мәселені Бас прокуратурамен бірлесіп шешетінін айтып, уәдесін берді.
"Алматыдағы RAMS компаниясы балаларымыздың жерін қайтармай отыр. Менің ойымша, бұл мәселемен бас прокуратура айналысуы керек. Осылайша жерді студенттерге қайтарып беруіміз керек. Бұл мәселені бас прокуратурамен бірігіп, қолға алатын боламыз", - деп сөзін қорытындылады депутат.