Алмасбек Садырбайға қатысты тергеу ісі аяқталды

Көркем Алдабергенова 25 қыр. 2025 10:30

Прокуратураның ресми мәліметінше, қоғам белсендісі әрі «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Tizgin.kz порталына жолданған жауапта айтылған.

"Алматы облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы А.Ж. Садырбайдың ұйымдасқан қылмыстық тобы мен оның 7 сыбайласына (орындаушылар мен делдалдарға) қатысты істі тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 1 және 2-тармақтары, 218-баптың 3-бөлігінің 2 және 3-тармақтары, сондай-ақ 262-баптың 1 және 2-бөліктері бойынша қозғалған. Қазіргі уақытта іс материалдармен танысу кезеңінде тұр", – делінген хабарламада.

Еске салайық, былтыр 6 қарашада Садырбай өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.

Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу.

"Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған", - деп хабарлады бұған дейін ҚМА.

Кейін Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамаққа алынды.

Ал ұсталғанынан екі апта бұрын Алмасбек Садырбаев Арман Абдоллаға сұхбат берген. Садырбаев өз сұхбатында елдегі нан бағасының қымбат екенін айтып, оның шын бағасы 50 теңге болуы керегін де айтты. 

Сондай-ақ, Қазақстанда қашан ашаршылық болатынын да болжаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар