Алмасбек Садырбайға қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды

Көркем Алдабергенова 28 мам. 2025 14:29

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбайға қатысты істің не себепті арнайы прокуратураға берілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Қай орган қандай істі тергейтіні туралы шешімді уәкілетті орган ретінде прокуратура қабылдайды. Алмасбек Садырбайға қатысты бұған дейін де өзге қылмыстық істер болған. Сондықтан біздің қылмыстық іс солармен біріктірілді. Мемлекеттік органдар бір адамға қатысты бірнеше істі жеке-жеке тергемейді. Барлығы бір органда жүргізілуі үшін, біздің ісіміз де соларға беріліп, қазіргі кезде солар тарапынан тергеліп жатыр. Іс біздің қарауымызда болған кезде Қылмыстық кодекстің 189-бабы қолданылды. Ал прокуратура қай бапты қолданатыны маған белгісіз",  – деді Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында.

Айта кетейік, былтыр 6 қарашада Садырбай өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.

Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу.

"Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған", - деп хабарлады бұған дейін ҚМА.

Кейін Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамаққа алынды.

Ал ұсталғанынан екі апта бұрын Алмасбек Садырбаев Арман Абдоллаға сұхбат берген. Садырбаев өз сұхбатында елдегі нан бағасының қымбат екенін айтып, оның шын бағасы 50 теңге болуы керегін де айтты. 

Сондай-ақ, Қазақстанда қашан ашаршылық болатынын да болжаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар