Қазақстандық автокөлік компаниясы Allur мен «Қазпошта» АҚ көлік қызметтері мен логистика саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжатқа Allur директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жакеев қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Келісім тасымал тиімділігін арттыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және автокөлікті басқарудың заманауи технологияларын енгізуге бағытталған. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде пошта және логистикалық қызметке арналған автокөліктерді жеткізу, сондай-ақ автопаркті басқарудың заманауи шешімдерін енгізу белгіленді.
Меморандумға қол қою тараптардың стратегиялық әріптестігін нығайтып, Қазақстандағы заманауи, тиімді әрі технологиялық көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға жол ашады.
«Қазпошта» АҚ автопаркті жаңарту бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Соның ішінде Қостанай қаласындағы Allur зауытында өндірілген автокөліктерді сатып алу арқылы парк жаңартылуда.
Ынтымақтастықты одан әрі дамыту аясында «Қазпошта» отандық өндірістегі жеңіл және арнайы техникалармен, оның ішінде брондалған көліктер мен пикаптармен автопаркті жаңартуды жалғастыруды жоспарлап отыр. Жеткізілімдерді қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қатысуымен лизингтік құралдар арқылы жүзеге асырылады.
Компанияда жаңа автокөліктерді сатып алу жеткізу сенімділігі мен жылдамдығын арттырып, клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартады деп күтілуде.
