Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың атынан несие рәсімделген: банктер мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 04 қыр. 2025 09:32

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Ақмола облыстық прокуратурасының ҰҚТ ісіне байланысты төрт қазақстандық банк қызметкерлерінің аты аталғанына орай бірлескен мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Еске салайық, 2 қыркүйекте Ақмола облыстық прокуратурасы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың ісін тергеуді аяқтағанын хабарлаған еді. Тергеу мәліметінше, ҰҚТ құрамында елдің бірнеше аймағынан 25 адам болған, олардың арасында банк қызметкерлері де бар делінген.

Банктердің айтуынша, прокуратурадан олардың қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлерінің осы іске қатысы бары жөнінде ресми құжаттар түспеген.

"Қазіргі уақытта банктер прокуратура органдарына істің жай-жапсары туралы ресми ақпарат беру туралы сұрау жолдамақ. Қазіргі сәтте банктерге қызметкерлерінің тергеуге қатысы барына дәлел келтіретін ресми деректер белгісіз. Ресми құжаттар алынған соң, клиенттердің құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына қатысты кез келген тергеу шараларына барынша қолдау көрсетуге дайынбыз", – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар банктер өздерінің беделін жоғары бағалайтынын және заң талаптарына толық сәйкес ашық жұмыс істейтінін мәлімдеді. Қаржы ұйымдары прокуратураны қоғамда резонанс тудыратын мәселелерге байланысты жария мәлімдемелерде абай болуға шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар