Қазақстанда 31 тамыздан бастап «Іскер аймақ» бағдарламасының жаңа ережелері күшіне енді. Енді әлеуметтік кәсіпкерлер үшін несие алу бұрынғыдан да қолжетімді болмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңартылған тәртіпке сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлердің несиесі бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Қалған бөлігін кәсіпкердің өзі төлейді. Ал бағдарламаның басқа қатысушылары үшін субсидия көлемі мөлшерлеменің 40 пайызы.
Бағдарлама микро және шағын бизнес субъектілерін, ауыл шаруашылығы кооперативтерін, сондай-ақ әлеуметтік бағыттағы жобаларды қамтиды. Несиенің ең жоғары сомасы 200 миллион теңге болса, субсидиялау мерзімі үш жылға дейін белгіленген.
Жаңа өзгерістер аясында жобаларды іске асыру мерзімі де қысқартылды. Бұрынғы талаптарға қарағанда енді жобаны жүзеге асыруға 18 айға дейін уақыт беріледі.
Сонымен қатар инвестициялық шығындардың тізімі кеңейтілді. Кәсіпкерлер енді қазақстандық өндірушілерден жылжымайтын мүлік, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған қаражатты да бағдарлама аясында қаржыландыра алады.
Тағы бір маңызды жаңалық – егер «Даму» қоры субсидия беруден бас тартса, кәсіпкерлер бұл шешімге сот тәртібімен шағымдануға мүмкіндік алады. Мамандардың пікірінше, енгізілген өзгерістер әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, шағын бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.