Жуырда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлерінің ашық үндеуі" деп аталатын мәтін тарап, қоғам назарын аударған еді. Осы орайда Республикалық "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері" қоғамдық бірлестігі ресми мәлімдеме жасап, аталған үндеудің өздеріне еш қатысы жоғын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желілерде жарияланған материал ҰҚК ардагерлерінің ресми ұстанымын білдірмейді және бұл ақпарат жалған әрі арандатушылық сипатқа ие.
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарап жатқан бұл үндеу біздің бірлестіктің ресми мәлімдемесі емес. Оның мазмұны ұйымның ресми ұстанымына мүлдем сәйкес келмейді және шындыққа жанаспайды", – деп атап өтті бірлестік басқармасы.
Сондай-ақ, ұйым тараған ақпараттың қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға, мемлекеттік органдарға сенімсіздік тудыруға және ұлттық қауіпсіздік жүйесін беделінен айыруға бағытталған ақпараттық арандату әрекеті болуы ықтимал екенін ескертті.
"Біз азаматтарды ақпарат тарату және тұтыну барысында қырағылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз. Тек тексерілген, ресми дереккөздерге ғана сеніп, мемлекеттік институттар мен қоғамға құрметпен қарауымыз қажет", – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, ҰҚК ардагерлері қоғамдық бірлестігі өз қызметін мемлекеттік саясатты қолдау, кәсіби дәстүрлерді сақтау және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайту бағытында жүзеге асыратынын ерекше атап өтті.
"Тек сындарлы диалог, мемлекетке деген құрмет және заңдылық қағидаларын сақтау ғана еліміздің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады", – деп қорытындылады Республикалық қоғамдық бірлестігінің басқармасы.
Мәлімдеме 2025 жылғы 3 мамырда жарияланды.