Осыған орай, ағымдағы жылдың 25 ақпанында Тараз қаласындағы №5513 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен кең көлемде мерекелік іс-шара өткізілді. Мерейтойға әскери бөлімнің ардагерлерімен қатар, Жамбыл облысы ІІД қызметкерлері мен ардагерлері, ҚР Мамандандырылған арнайы күзет қызметі басқармасы және басқа да қызметтер арнайы шақырылды.
Іс-шараны № 5513 әскери бөлімінің командирі полковник Акбар Алмабекұлы: «Жеке құрамды әскери бөлімнің 23 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы жылдар арасында әскери бөлім түрлі мемлекет және облыс көлеміндегі операцияларға қатысты. Тапсырылған жұмыстың қаншалықты ауырлығына қарамастан жауынгерлер борыштарын біліктілікпен, қызметтік қабілеттілікпен орындауда. Мәселен, осы жылдың 14 тамызы күні Жамбыл облысы, Меркі ауданында болған алапат өртті сөндіруге Тараз қаласындағы №5513 әскери бөлімінің жеке құрамы аянбай тер төгіп, жергілікті тұрғындардың шексіз алғысына бөленді. Міне, «Отанға қызмет, елге құрмет» дегенді дәлелдей түскендей. Алдағы уақытта да ел мен Елбасы артқан сенімін ақтап, Ұлттық Ұланның әрбір қызметшісі Отан алдындағы парызы мен борышын адал атқаратынына бек сенімдімін» - деп сөз сөйлеп ашып, Жамбыл облысы әкімінің арнайы алғыс хатымен 15 қызметкерді марапаттап, 20 жауынгерге «ефрейтор» шенін табыс етті.
Содан кейін Жамбыл облысы ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қалижан Шоңғарбаев әскери бөлімнің 23 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып:
– Ел игілігі жолында өз міндеттерін бұлжытпай орындап, қызмет барысында сөзсіз ерлік, қырағылық пен көрегендік танытып жүрген әскери қызметшілердің еңбектері орасан зор. Бейбіт күннің батырлары шен үшін емес, ел үшін қызмет ететіндіктеріне сеніміміз мол, – деп сөзін аяқтаған полковник мырза әскери бөлімнің 10 қызметкерін Жамбыл облысы ІІД бастығының бұйрығымен марапаттады. Сонымен қатар, салтанатты жиынға арнайы шақырылған ІІД ардагерлер кеңесінің, ҚР МКҚБ-ның өкілдері және т.б қонақтар жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара соңы әскери бөлімнің «5513» оркестрлік ансамблі мен облысымыздың эстрада жұлдыздарының дайындаған арнайы концерттік бағдарламасына ұласты.
Дархан Сейсенбаев, № 5513 әскери бөлімінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, майор