Әлемдік рекорд: Алматы облысында ең үлкен түйе керуені жүріп өтті

Көркем Алдабергенова 22 қыр. 2025 10:56

Іле ауданы Құрыт ауылдық округінде ерекше мәдени шара «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені», деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, іс-шара ұлттық рухты қайта жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеке кәсіпорынның ұйымдастыруымен өтті. Басты мақсат -  әлемдік рекорд орнату.

Керуенге 1000 түйе қатысып, ұзындығы 1 шақырымға жететін арнайы дайындалған маршрутпен жүріп өтті. Бұған дейінгі рекорд Қытайда 2022 жылы тіркелген болатын, ол кезде бар болғаны 365 түйе қатысқан еді.

Көрермендер мен қатысушылардың қауіпсіздігі үшін полиция, өрт сөндіру бөлімшелері, дәрігерлер мен ветеринарлық қызмет жұмылдырылды. Аймақ турникеттермен жабдықталып, көрермендердің керуенге жақындауы шектелді.

Шараға Ұлыбританиядан арнайы келген Гиннес рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысты. Ол өз сөзінде мұндай ауқымдағы түйе керуенін алғаш рет көріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ресми түрде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» атағына ие болады және барлық рәсімдер аяқталған соң бұл көрсеткіш Гиннес рекордтар кітабына енгізіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар