Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметте өткен брифинг барысында «мұнай бағасындағы ауытқу Қазақстандағы бензиннің құнына әсер етуі мүмкін бе» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, өткенге көз жүгіртсек, мұнай бағасының ауытқуы Қазақстан ішіндегі белгіленген бағаларға әсер еткен емес.
"Бүгінгі таңда халықаралық нарықтағы бағаға сәйкес түзету жүргізу деген бізде жоқ. Мұнай бағасы қалай өзгереді және күніне бірнеше рет өзгеретініне қарамастан, бензин бағасы тек ішкі сұраныс пен ұсыныспен анықталады. Бүгінгі таңда елімізде Қазақстанның бензин мен дизель отынына деген қажеттілігін қамтамасыз ететін үш ірі зауыт жұмыс істеп тұр. Бізде тікелей тәуелділік деген жоқ", - деді Ерлан Ақкенженов.
Айта кетсек, 2025 жылы 29 қаңтардан бастап Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасына қатысты мемлекеттік реттеудің күші жойылған.