Әлемді алаңдатқан хантавирус: қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды

Әлемді алаңдатқан хантавирус: қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды
© REUTERS / Dado Ruvic

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хантавирус инфекциясынан сақтану жолдарын ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мамандардың мәліметінше, хантавирус - кеміргіштерден немесе олардың бөлінділерінен адамға жұғатын қауіпті вирус. Ол адам ағзасына шаң, су, тағам немесе тістеу арқылы енуі мүмкін.

Осыған байланысты шетелге шығатын азаматтарға кеміргіштер мекендейтін орындардан аулақ болу, күмәнді азық-түлік пен суды пайдаланбау, сондай-ақ, көшедегі сауда орындарында тамақтанбау ұсынылды.

Сонымен қатар, мамандар жабық ғимараттарды жиі желдетіп, тазалық кезінде қолғап пен маска қолдануға кеңес береді. Адам көп жиналатын орындарда жеке гигиена талаптарын сақтаудың, антисептик пайдаланудың маңызы да айтылды.

Дәрігерлер сапардан кейін 1-8 апта аралығында дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды.