«Біз ядролық қарусыздану және таратпау мәселесіне белсене араласамыз. Мақсат – жаппай қырып-жоятын қаруға қатысты барлық әрекеттерді абсолютті тоқтату. Ал үшінші басымдық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасын жүзеге асыру. Бұл COVID-19 сияқты пандемиялық құбылыстармен, сондай-ақ биотерроризмнің кейбір ықтимал қауіптерімен күресу контекстінде маңызды рөл атқарады», - деген-ді Ақан Рахметуллин.
Оның сөзіне қарағанда, келесі кезекте тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу де күн тәртібінен түспек емес. Бұл Қазақстанның ғана емес, ұйымға мүше барлық мемлекеттердің алдында тұрған ауқымды міндеттердің бірі. Бұған кедейліктен құтылу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және тұтастай алғанда бүкіл адамзаттың одан әрі дамуына қатысты мәселелердің өте үлкен блогы кіреді.
Бұл жерде біз назар аударатын нәрселерді де бөлек атап өтуге болады, ол – гендерлік теңдік, әйелдердің қоғамдағы жағдайын жақсарту.
Халықаралық ұйымның жанындағы Тұрақты өкіл Қазақстанның БҰҰ жүйесіндегі рөлі туралы да әңгімелейді. Бұл жерде біздің рөліміз көпвекторлы сыртқы саясатпен айқындалады. Кезінде Елбасы біздің сыртқы саясатымыздың сипаты геосаяси жағдайға, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын Ресей, Қытай сияқты державаларға жақындығымен байланысты стратегиялық тепе-теңдікке ие болуы керектігін атап өткен. Сондай-ақ олар ядролық қаруға ие. Сол себептен де Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған 31 жыл ішінде Қазақстан туралы біркелкі және өте жақсы достық қарым-қатынастары қалыптасқан мемлекет ретіндегі пікір қалыптасты.
– Бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесі тек соғысты тоқтату мәселесі емес. Әрине, ең алдымен соғыстар мен қақтығыстарды тоқтату керек. Бірақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау – бұл қауіпсіздікке, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты мәселелердің үлкен кешені. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық қарусыздану мен таратпауды ілгерілетуде белсенді позицияны ұстанып келеді. Ядролық қарудан құтылдық, яғни өзгеге үлгі көрсеттік, Семей ядролық полигонын жаптық. Бұған ұйымға мүше барлық елдер, әсіресе, үлкен бестік (ядролық қаруы бар бес ел – АҚШ, Англия, Ресей, Қытай, Франция) баса назар аударды. Әлі де шешімін күткен сұрақтар бар, біз олармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз, – деп түсіндіреді Ақан Рахметуллин.
Расында, біз ядролық қарусыздану мен таратпау бағытындағы барлық құжаттарға қол қойған елміз. Жақында ғана ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа келісетінімізді білдірдік. Қазақстан оның толыққанды мүшесі. Оның үстіне, келесі жылы бұл шартқа біздің еліміз төрағалық етеді. Біз үшінші төраға боламыз.
БҰҰ-дағы өкіліміз Қазақстан да лаңкестікпен күреске күш салып жатқанын мәлімдеді. Ауғанстандағы билік ауысқанына бәріміз куә болдық, содан кейін ол жақтан лаңкестік көріністер қаупі күшейе түсті. Ал жалпы бұл қауіп бүкіл әлемде күшейіп, түрлі топтар пайда болды, соның ішінде Таяу Шығыс пен Африкада, тіпті өршіп тұр. Ал жаһандану жағдайында бұл қауіп бізге де әсер етуі мүмкін. Өйткені, біз оқшауланған ел емеспіз. Сондықтан да осы мәселеге белсенді түрде атсалысып жатырмыз, терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі БҰҰ-ның 19 негізгі құжатына қол қойдық, оны белсенді түрде жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар, Қазақстан – Орталық Азия үшін терроризмге қарсы жаһандық стратегияны жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарының мүшесі. Онда елдердің лаңкестікпен күресу үшін қандай қадамдар жасау керектігі жан-жақты көрсетілген.
«Гендерлік теңдік туралы айтсақ, бұл біздің әйелдеріміз бен қыздарымыздың жалпы қауіпсіздігіне де әсер етеді. Сондықтан да бүгінде гендерлік теңдікті насихаттауға ерекше көңіл бөліп жатырмыз.
Байқалып тұрғандай, біз жұмыс істейтін мәселелердің ауқымы айтарлықтай кең. Мысалы, қауіпсіздік істерімен қатар, денсаулық сақтау жүйесінің проблемаларымен де айналысамыз. 1978 жылы Алматыда ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі конференциясы өтті және сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізін қалаған Алматы декларациясы қабылданды.
Қазақстан БҰҰ бітімгершілік миссияларына да белсенді қатысады. Біздің бітімгершілік күштеріміз Ливанда, Малиде, Батыс Сахарада және Орталық Африка Республикасында бар», - деген БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі.
Бұған қоса, ол біздің әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең ірі дамушы ел екенімізді алға тартады. Бұл сыртқы факторларда көбірек осалдық тудырады екен. Өйткені, бізде сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі жоқ, сондықтан экспорттық ағындарымызды әртараптандыру маңызды және әлем елдерінің үлкен тобы мұнымен бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан үлкен мемлекет қана емес, сол бір географиялық осал мемлекеттердің мәселесін шешудің маңыздылығын түсінетін тарап екенін де білген жөн. Біз 2020-2021 жылдары осы елдер тобына жаһандық төрағалық еттік. Бұл топқа 520 миллион халқы бар 32 мемлекет кіреді. Рас, бұл соншалықты көп болмаса да, бәрібір жарты миллиард адамның өмірі.
Қазіргі әлемде әртүрлі дінді ұстанатын этностар мен ұлттардың бейбіт өмір сүруі де маңызды рөл атқарады. Сол себептен де еліміз 50-ден астам елдің өкілдері қатысатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
– Ауғанстан – біздің көршіміз. Біз бұл елде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің тезірек орнауына мүдделіміз. Бұл – бірінші миссия. Сондай-ақ, біздің экспорттық ағындарымызды әртараптандыруды ескерсек, Ауғанстан біз үшін транзиттік хабқа айналады. Сол себептен де Қазақстан бұл елде бейбітшілікті нығайтуға тырысуда. Кезінде жоғары оқу орындарында ауғандық студенттерді оқытуды, гуманитарлық көмек жеткізуді ұйымдастырдық. Ал 2021 жылдың тамызында ол жерде билік ауысқанда, БҰҰ миссиясын Ауғанстаннан қайта жіберу мәселесі туындады. БҰҰ Қазақстанға бет бұрды, біздің билік Алматыда орналасқан миссияны қабылдауға дайын екендіктерін білдірді. Негізінде, қазір Ауғанстандағы қауіпсіздік жағдайы біршама тұрақы, сондықтан негізгі миссия кейінге қалды, – деді Ақан Рахметуллин.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты әзірлеуге белсенді қатысты. Келесі жылдан бастап біз екі жылдық мерзімге осы шарт бойынша конференцияға төрағалық етеміз. Осыған байланысты Тұрақты өкілдің пайымы мынадай: «Бұл органды басқарған кезде біз осы мемлекеттерге ықпал етуге тырысамыз деп үміттенеміз. Әрине, бұл – өршіл және күрделі міндет, бірақ біздің Ресей және АҚШ-пен, барлық «бестік» елдермен стратегиялық қарым-қатынастарымыз бар. Сондықтан біз, әрине, ұлттық және екіжақты деңгейдегі қарым-қатынас шеңберінен шықпаймыз. Бұл осы елдердің халықаралық риторикасында аз да болса қарусыздануға және ядролық қаруға азырақ сүйенуге кірісетін алғашқы қадамы болмақ».