Қазақстанда қанатын кеңге жая бастаған бочча спорты Паралимпиада ойындарының бір бөлігі болып саналады. Сонымен қатар инклюзивті спорт түрі.
Алдымен Қазақстандағы Бочча федерациясының құрылу тарихы туралы айта кетсек, ұйым 2021 жылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың және «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының жаттықтырушыларының бастамасымен құрылған. Бүгінде федерацияның оқу жаттығулары еліміздің барлық 20 өңірінде жүргізілуде.
Жалпы, Қазақстан бойынша 10 аймақта федерация өкілдіктері құрылып, жан-жақты еңбек етіп жатыр.
2023 жылы федерация президенті дауазымына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев сайланды. Сондай-ақ былтыр федерация ресми түрде Халықаралық Бочча федерациясы – Boccia International Sports Federation (BISFed) мүшесі болды.
Федерация ұлттық және халықаралық деңгейде жарысатын ерекше қажеттіліктері бар 150-ден астам спортшының басын қосады. Спорт қауымдастығының алға қойған мақсаттарының бірі – боччадан Қазақстан құрамасын Паралимпиада ойындарына шығару. Қазірдің өзінде спортшылар халықаралық жарыстарда топ жарып жүр.
Ағымдағы жылдың тамыз айында команда Польшада өткен алғашқы халықаралық Poznan Boccia Challenger бәсекесінде тамаша нәтиже көрсетті. Содан соң Грекияда өткен World Boccia Heraklion Challenger жарысында Виктор Кожевников 4-орын алса, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия Пара ойындарында Шыңғысханова Итиана 6-орынға ие болды.
Негізі, бұл ойынның тарихы біздің дәуірімізге дейінгі жүздеген жылдар бұрын басталған, бірақ оның қазіргі заманғы түрі Италияда бастау алған.
Бочча Еуропа елдерінде өте танымал, оның ережелері қиын емес, бірақ белгілі бір дағдыларды қажет етеді. Сондықтан ол негізінен мүгедектігі бар жандарды оңалту үшін қолданылады.
Ойын зейінді, дәлдікті, ептілікті және мұқият дайындықты қажет етеді.
Ең бастысы, орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған адамдар үшін бочча таптырмас спорт түрі. Сондай-ақ спортшының физикалық жағдайына жақсы әсер етеді, мүгедектердің әлеуметтенуіне көмектеседі және олардың ойлауын дамытады.
Ойынның ережесі мынадай: бастапқы допты лақтыратын ойыншы жеребе арқылы анықталады. Келесі лақтыру кезінде ойыншылар доптарын мүмкіндігінше бастапқы допқа жақын орналастыруға тырысады. Осыдан кейін қатысушылар кімнің доптары бастапқы допқа жақын екенін анықтайды және ұпай жинайды.
Ұпайларды қорытындылау арқылы ойыншылардың қайсысы ең көп ұпай жинағаны анықталады. Бұл ойыншы (немесе команда) ойында жеңіске жетеді және келесі ойында бірінші лақтыру мүмкіндігін алады.
Ал осы ойын түрінің елімізде кеңінен етек жаюына септесіп жүрген атымтай жомарт азаматтар аз емес. Солардың қатарында Ерлан Андасбаевты айрықша атап өту қажет. "Aneko group" компаниясының иесі саналатын меценат "Coca-cola" және сол деңгейдегі басқа да әлемдік брендтердің Қазақстандағы дистрибьюторы. Тағы бір компаниясы "Food-master" брендінің қойма қызметін аутсорсинг жүйесі бойынша басқарады.
Ерлан Андасбаевтың пайымынша, әрбір кәсіпкердің бір мұраты – әлеуметтік бағытта қайырымдылық көрсету болуы қажет. Бұл әрі туған ел мен жерге қызмет етуге саяды.
Меценаттың бір қыры – ол әлемді кезіп жүрген саяхатшы. Дүниенің көптеген елдеріне табаны тиген. Дамыған мемлекеттер мүгедектігі бар азаматтарын сырт теппей, қайта қоғамға тартады, көмектеседі. Ол да біздің еліміздің сол деңгейге шығуына күш салғысы келеді. Осы орайда, кәсіпкер Қазақстанда боччаның ілгерілеуіне тамшыдай болса да үлес қосқанын мақтан тұтады.