"Алданғандардың біреуі осы Мәжілісте депутат". Зайытов Үкіметтің әрекетсіздігін сынады

Көркем Алдабергенова 12 ақп. 2025 16:39 1516

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов алаяқтар мәселесін көтеріп, алданғандар арасында депутаттар да барын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады. Депутаттың сөзінше, «онлайн алаяқтық» салдарынан жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатып отыр.

«Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған», — деді ол.

Ринат Зайытов мынадай статистика келтірді:

Биыл қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 250-бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану )бойынша 15 іс, ал ҚР Қылмыстық Кодексiнің 254-бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша 17 іс қозғалған.

«Бір түсініксізі бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз.  Ақылға салсақ, алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айрылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат қой. …Мен айтқан Қарағандыда алданғандардың біреуі осы Мәжіліс залында депутат болып отыр. 

Сәл қиналса мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайрымсыз банктер қашанға дейін тайрандамақ? Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келдіғой. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы Банк емес, «Халық» екенін есіңізге салайын», — деп ашынды ол.

Ринат Зайытов мынадай ұсыныстар жасады:

1. Екінші деңгейлік банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тиым салу шараларын қарастыруды;
2. Шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктерболғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығындарды банктер өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуді ұсынамыз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар