"Алдағы уақытта екі мыңға жуық ауыл жабылуы мүмкін". Дайрабаев Үкіметке 7 нақты ұсыныс жасады

Қаракөз Амантай 11 мау. 2025 16:29

Мәжіліс депутаты, "Ауыл" партиясы фракциясының өкілі Жигули Дайрабаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында шекаралық және шалғай ауылдардың жойылу қаупіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дайрабаевтың сөзінше, кейінгі 34 жылда "болашағы жоқ" деген желеумен жүздеген ауыл жабылып, аталған үрдіс әлі де жалғасып келеді.

"Алдағы уақытта тағы да 2 мыңға жуық ауыл жабылуы мүмкін деген қауіп бар. Сондағы айтатындары инженерлік инфрақұрылым мемлекеттің мойнына үлкен жүк болады-мыс деген уәж. Мемлекет ауыл тұрғындарына шағын кәсіп ашуға, шығарған өнімдерін өткізуге көмектесу орнына оларды осылайша одан әрі сергелдеңге салмақ. Ауылдарды жабу қордаланған мәселені шіреністірмесе, шешпейді. Ауылдықтар қалаға келіп, әлеуметтік қажеттілікті одан сайын көбейтпей ме? Бір әттеңе ауылдарды жабу керек дегендер осындай қарапайым аксиоманы түсінбей келеді", – деді депутат.

Оның айтуынша, ауылды жерлерді дамытуға бағытталған бағдарламалар нәтижелі болғанымен, қордаланған мәселелерді толық шеше алмаған.

"Ал қазір қолға алған іс-шаралар аздық етеді. Ауылды, әсіресе шекаралық аймақтардағы елді мекендерді сақтап қалу тек экономикалық тұрғыдан емес, мемлекет қауіпсіздігінің басты факторы екенін ұмытпайық. Бұл ретте азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын орта бизнес субъектілері санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету басты міндетіміз", - деді ол.

Депутат ауылды сақтау үшін қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтіп, Үкіметке 7 нақты ұсыныс жасады.

Ауылдарды сақтау үшін жеке даму жоспары қажет. Шекаралық және шалғайдағы елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс.

Қоныс аударушыларға нақты қолдау. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін субсидияны ұлғайтып, коммуналдық және инфрақұрылымдық төлемдерге өтемақы қарастыру керек.

Қаладан ауылға баратын мамандарға көмек. Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарға техникалық арзан несиелер мен мақсатты субсидиялар ұсынылуы тиіс.

Жер телімдерін рәсімдеуді жеңілдету және кооперативтер құру. Жас фермерлерге арналған оқыту бағдарламаларын іске қосып, "Бір ауыл – бір кооператив" қағидатын енгізу қажет.

Аудан деңгейінде "бір терезе" жүйесін енгізу. Арнайы жобалық кеңселер көші-қон, әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселелерін бір орталықтан шешуге мүмкіндік беруі керек.

Кәсіпкерлікке арналған гранттар мен жеңілдетілген несиелер. Жеке іс бастауға ниетті азаматтарға қаржылай қолдау көрсету керек.

Ауыл кәсіпкерлеріне ұзақ мерзімді, төмен пайызды несие. Елді мекендердің дамуына үлес қосып отырған кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржы тетіктерін енгізу қажет.

Мемлекеттік саясат – тұтынушылық емес, тұрақты өмір сапасына негізделуі керек

Дайрабаев ауылдың тағдыры тек бір партияның емес, тұтас қоғамның мәселесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауылға деген қамқорлық азаматтардың тұрмыс сапасын арттырып, жастардың ауылда қалуына, көші-қонды тоқтатуға және экономикалық тепе-теңдікті сақтауға жол ашады.

"Қазақ үшін ауыл – үй емес, ар-намысы. Жастардың ауылда тұрақтап, сол жерде бақытты өмір сүруіне мүмкіндік жасау – біздің басты міндетіміз", – деді депутат.

Сөз соңында ол Үкіметті ауыл мәселесіне стратегиялық деңгейде қарауға, ұсыныстарды іске асыруға шақырды. Бұл бастамалар ел болашағын ауылдан бастауға жол ашады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар