"Алаяқтар тайраңдап, жәбірленушілер сандалып жүр". Заңгер полицияның жұмысын сынға алды

Қаракөз Амантай 16 шіл. 2025 09:48

Белгілі заңгер Нұрсұлтан Орынбек елдегі алаяқтық қылмыстарының нақты саны ресми көрсеткіштерден бірнеше есе көп екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары мұндай істердің басым бөлігін қылмыстық іс ретінде тіркемей, жәбірленушілерді азаматтық сотқа жібереді. Бұл туралы ол SadaqMedia YouTube арнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бүгінде елімізде алаяқтық деректері ушығып тұр. Алайда полиция бұл баппен көп істі тіркемеуге тырысады. Біз қазір “алаяқтық көбейді” деп жүрміз, бірақ шындығында ол одан да көп. Мысалы, кеше Президент алқа жиынында “алаяқтық кең таралған” деп атап өтті. Егер ресми мәліметте 20 мың іс тіркелсе, шын мәнінде оның саны 40 мыңға жетуі мүмкін. Өйткені көп жағдайда адамдар арыз жазбайды, іс мүлде тіркелмей қалады”, - дейді заңгер.

Ол алаяқтардың әрекеті көбіне “қайтарып берем”, “ертең салам”, “бір-екі күн күте тұр” деген уәделермен басталатынын атап өтті. Бірақ полиция бұны алаяқтық емес, азаматтық мәміле ретінде қарап, істі қылмыстық тіркеуден бас тартады.

“Осыны мәміле деп санап, полиция іс қозғамай, азаматтық сотқа жібереді. Ал азаматтық сотқа жүгіну оңай емес. Алдымен мемлекеттік баж салығын төлейсің – бұл да шығын. Одан соң ақшаңды өндіру – екіталай. Сот ең көбі оның шотына арест қояды. Бірақ ондай алаяқтардың атына ештеңе тіркелмеген: үй де жоқ, мүлік те жоқ. Ақыр соңында жәбірленуші адам өзі жүгіріп, өзі шаршап қалады. Әділет орнамайды”, — дейді Орынбек.

Заңгердің айтуынша, алаяқтар сотта да “берем” деп уәде етеді, бірақ уәдесімен жылдап жүре береді.

“Қазір тіпті біреудің атына Kaspi Gold ашып, сонымен тайраңдап жүргендер көп. Ар жағында ешкім де, ештеңе де жоқ. Бұл – жүйелі мәселе. Өйткені құқықтық сана төмен. Алаяқтықты жақын нәрсе көретіндер бар. Ащы болса да шындық – қазір қазақ қазақты аямайды. Бір-бірін алдап, бірінің атынан несие рәсімдеп, күн көріп жүргендер жеткілікті”, — дейді ол.

Нұрсұлтан Орынбектің сөзінше, алаяқтарды әлеуметтік желіде әшкерелеу жеткіліксіз. Ең маңыздысы халықтың сенгіштігін азайту.

“Алданатындар азайса, алдайтындар да азаяды. Бірақ бізде алданатындар әлі де көп. Сондықтан алаяқтықтың тамырына балта шабу қиын болып тұр”, — деп түйіндеді заңгер.

Перизат Қайрат ісі

Еске салайық, елімізде алаяқтық бабымен істі болып жатқандардың қатары артып келеді. Солардың бірі — Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат.

Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

Алайда 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.

Жақында қаржылық мониторингі агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады

2025 жылы 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.

Бұған дейін хабарланғандай, залал сомасы 3,5 млрд теңгені құрады.

Ұрланған қаражатқа сатып алынған 865 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды.

Ал 9 шілдеде Астанада Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот отырысы басталды.

"Елге көмек" қорының жетекшісі Ілияс Сәриевтің ұсталуы

Сонымен қатар жуырда танымал қайырымдылық қордың жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғаны туралы ақпарат та тарады.

"Елге көмек бер" қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғанын алғашында заңгер Нұрсұлтан Орынбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, жұрттан Сариевтің үстіне арыз түскен.

"Қазақ Робин Гуд Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды. Алматыдан осындай хабар келді. Бірнеше адамнан алаяқтық әрекеті бойынша арыз түскен еді. Қазір сол бойынша ұсталғаны белгілі болды. Алданғандар болса, Алматы ІІД-не арыздансаңыздар болады", - деді ол.

Артынша Dalanews.kz Алматы Полиция департаментіне сауал жолдап, ресми ақпарат та алды.

"Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп жазылған Алматы Полиция департаментінің бұған дейінгі жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев пен әнші Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы алаяқтық бойынша күдікке ілінген еді.

Имашевті тергеуге не түрткі болды?

Қажылыққа ұша алмаған бір топ турист “Qazaq travel” компаниясына шағымданған. Ал Данияр Имашев аталған компанияның атқарушы директоры болып қызмет атқарады.

Bairaqmedia-ның дерегінше, бүгінде қасиетті мекенге ұшуы тиіс болған туристер Әуезов аудандық полиция басқармасының алдына жиналып, жағдайды түсіндіріп беруді талап етіп жатыр. Себебі “Qazaq travel” компаниясы ұшуға бір күн қалғанда олардың ешқайда ұшпайтынын хабарлаған.

“Тоғызы күні ұшатын рейсімізден ешқандай адам ұшпады. Тіпті компания халыққа шығып, үндеу де жасамады. Билеттің бағасы өсіп кетті-ау, басқа да жағдай болып қалды-ау деген ескерту болмады. Бізге ешқандай дәлел көрсетіп тұрған жоқ. Билет пен қонақүй ақысы төленді деген ақпарат та болмады" ,  - деп мәлімдеді компанияның клиенті Медина Жарылғапова Bairaqmedia-ға.

Қазіргі уақытта “Qazaq travel” компаниясының кеңсесі жабылған. Мәдина мен Меккеге ұша алмаған 50-ге тарта адам полицияға шағым түсірген. Осыдан кейін полицейлер алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, күдікті ретінде үш адамды таныған. Олардың арасында Данияр Имашев та бар. Ал журналистер оның қажылықтан қалу себебін сұрағанымен, Данияр Имашев бүгін үн қатпады.

Ал, туындаған қиындықтардың себебін  қажыққа аттанбақ болған қазақстандықтарға Балғынбек Имашев түсіндіріп берген. Айтыскер ақын әуе билеттері мен қонақүй бағаларының қымбаттағанын және мұнда алаяқтықтың жоқтығын мәлімдеген.

“Көп адам турды акциямен, арзан бағада сатып алған. Қазір баға қымбаттап жатыр. Қымбат билеттер алынуда. Ұшақтың бағасы мен қонақүйдің бағасы өсті. Сондықтан құрылтайшылар өз қалтасынан қосымша ақша салып, сіздердің қызметтеріңізді ұсынуға тырысып жатыр”, - деп түсіндірді Балғынбек Имашев.

Алайда Умраға ұша алмағандар оның айтқандарына сенбей, төленген қаражатты қайтаруды талап етуде. Олар “Qazaq travel” компаниясының басқа мұсылмандарды алдамауын тілейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар