Жаңа жабдықтар орнатудың арқасында балық зауытында қосымша 10 өнім түрі шығаратын мүмкіндікке ие болған. Еуропа мен канадалық тұтынушылар қазірдің өзінде сынақ үлгілерін тұтынып үлгеріп, қызығушылық танытқан. Кәсіпорында технологтар жаңа желіні іске қосу жұмыстарын аяқтады, енді экспорттық жеткізілімдерді жолға қою туралы келіссөздер жүргізілуде.
Технолог Никита Кашкаревтың айтуынша, жалпы рецептураны әзірлеуден бастап жаңа желінің жұмысын жолға қоюға дейінгі жұмыстың бәрі – өздерінің төл идеялары.
Оны кәсіпорынның өз қаражаты есебінен сатып алынған қажетті құрал-жабдықтардың көмегімен жүзеге асырды. Балық өнімдерінің бұл жаңа түрлері кең көлемде тұтынуға арналған.
– Балық – пайдалы тағамдардың бірі, ол – дәрумендердің, минералдардың және қанықпаған май қышқылдарының табиғи көзі. Зерттеушілер диетада балықтың үлесін болар-болмас арттырудың өзі адамның денсаулығына оң әсер ететінін айтады. Сондықтан біз тұтынушыларға балықтың бірнеше түрін ұсынып көруге бел байладық.
Бұл – бір жағынан тұтынушылардың талғамын қанағаттандыру болса, екінші жағынан халықтың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Біздегі балық витаминдерінің кешені спортшылар үшін ерекше пайдалы, ақыл-ой мен физикалық жұмыс өнімділігін арттыруда әсері зор, – деп атап өтті технолог.
Шынында да, балық зауыты ассортиментінің толықтырылуы қуантарлық жайт. Енді кәсіпорында тек тартылған балық пен балық филесі түрлерімен қатар ақтабан мен алабұға паштеттері, күріш немесе картоп қосылған балық-өсімдік витамин кешендері, уылдырық майы, балық шұжықтары, сондай-ақ 8 айдан бастап қосымша тамақ ретінде беруге болатын балалар тағамының 2 түрі шығарылады.
«Болашақ Бастау» ЖШС балық өңдеу зауытының директоры Дәурен Алтыбаевтың айтуынша, жаңа жабдықта шамамен сағатына салмағы 50 және 100 грамдық 2,5 мың дана құты уылдырық майын өндіруге болады, бұл бір ауысымда өнім көлемі 50 мыңға дейін жетеді деген сөз. Бүкіл желі толық автоматтандырылған, өндіріс процесінің механизмі жолға қойылған.
Алакөл ауданында қуаттылығы жылына 1400 тонна шикізат өңдейтін «Болашақ Бастау» ЖШС-ны қосқанда барлығы 7 балық шаруашылығы, 2 балық өңдеу кәсіпорны және 2 цех тіркелген.
Бүгінде балық өңдеу кәсіпорны өңдеу қуатын арттыруға дайын, бірақ бұл балық аулау лимитін ұлғайту мәселесіне байланысты. Бұл мәселе Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамандарының қарауына жолданатынын айта келе, облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауданда балық шаруашылығын инвесторларды тарта отырып, белсенді дамыту қажеттігін атап өтті.
Еске салсақ, «Болашақ Бастау» ЖШС 2016 жылдан бастап жұмыс істейді, нысан мұздатылған балықты өңдеумен, сақтаумен айналысады. Балық зауыты тәулігіне шикізатқа байланысты 5-тен 10 тоннаға дейін балық өнімін, сондай-ақ 3 тоннаға дейін балық сүйегінің ұнын өндіре алады.
Айталық, көксеркенің, тұқы мен басқа да балық түрлерінің сүбесі, сондай-ақ тартылған балық және кептірілген өнімдер шығарылады. Қалдықсыз кәсіпорында 80-нен астам жұмыс орны құрылды, бұл ретте жалақы мөлшері 150-ден 500 мың теңгеге дейін жетеді, оның көлемі өндіріске байланысты анықталады. Дайын өнімдер Беларусь, Германия, Чехия, Дания және басқа да Еуропа елдеріне экспортталады. Жаңа желінің іске қосылуының арқасында жұмыс орындарының саны арттырудың да, жаңа нарық кеңістігіне шығудың да мүмкіндігі артпақ.
https://dalanews.kz/del-qazir/86610-masimovting-kitaptaryn-aqsh-tyng-dokeyl
https://dalanews.kz/news/86575-zhyl-basynan-beri-2741-mlrd-tenggening-zeyne