Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында бірнеше адамның өмірін қиған жол апатынан кейін қоғамда күдіктіні кешіру және жеңіл жаза сұрау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты марқұмдардың туысы Күләнда Батырбекова пікір білдіріп, мұндай істерде ең көп зардап шегетін тарап – жетім қалған балалар екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, қоғамда резонанс тудырған жол апаттарынан кейін марқұмдардың туыстары күдіктілерді кешіріп, соттан шартты жаза сұрайтын жағдайлар жиі кездеседі. Алайда сырттай мейірім немесе келісім болып көрінген мұндай шешімдердің астарында басқа мәселелер болуы мүмкін.
Батырбекова адам қаза тапқаннан кейін оның артында ата-анасы, бауырлары және кәмелетке толмаған балалары қалуы мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жағдайда ең алдымен марқұмның баласының құқығы қорғалуы тиіс.
«Әкесінің жылуынсыз қалған, енді өмір жолын тірексіз бастауға мәжбүр болатын – сол бала. Сондықтан барлық материалдық көмек пен өтемақы ең алдымен сол баланың болашағына жұмсалуы керек», – деді ол.
Сонымен қатар ол сот процестері мен келіссөздер кезінде көбіне ересек туыстар белсенді рөлге шығып кететінін айтты. Оның сөзінше, кей жағдайда өтемақы қаражаты бауырлар немесе өзге туыстар арасында бөлініп, ал марқұмның баласы назардан тыс қалып жатады.
«Кейде дәл осы адамдар жәбірленуші мәртебесін пайдаланып, кешіру туралы құжаттарға қол қояды. Ал жетім қалған бала ештеңесіз қалады», – деді Батырбекова.
Марқұмдардың туысы қоғам мұндай жағдайлардың тасада қалмауы керек деп есептейді. Оның айтуынша, қоғам резонансты істер бойынша қабылданатын шешімдердің шынайы себептерін білуге құқылы.
«Көп жағдайда мұндай “татуласу” әділет үшін жасалған мәміле емес. Бұл – ең әлсіз тараптың, яғни кішкентай баланың мүддесі аяқасты болатын келісім», – деді ол.
Сондай-ақ Батырбекова ересек, еңбекке қабілетті туыстардың қылмыстық іс тағдырын шешіп, қаражатты өздері иеленуін моральдық мәселе деп атады.
Ол азамат әрі салық төлеуші ретінде адам өліміне әкелген жол апаттары бойынша татуласу институтын қайта қарау қажет деп есептейтінін жеткізді.
«Адам өмірін қиғаны үшін жаза бұлтартпас болуы керек. Елге қауіпсіз жолдар мен жауапты жүргізушілер қажет, ал ақшасы барларға арналған заңдағы олқылықтар емес», – деді ол.
Бұдан бөлек, Батырбекова өтемақы төленетін жағдайда мемлекет пен соттар қаражаттың қайда жұмсалатынын қатаң бақылауы қажет деп санайды. Оның пікірінше, ақша марқұмдардың балаларына арналған арнайы мақсатты есепшоттарға аударылуы тиіс.
«Біз құқықтық әрі қауіпсіз қоғамда өмір сүргіміз келеді. Ал құқықтық қоғам ең алдымен балаларды қорғаудан және заң бұзғандардың жауапкершіліктен жалтармауынан басталады. Адам өлімінен бизнес жасауды тоқтату керек. Кінәлілер жазасын алуы тиіс, ал жетім қалған балалар заңмен қорғалуы керек», – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша жәбірленуші тарап күдікті Александр Пакпен татуласқанын мәлімдеп, соттан оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған болатын.
Оқи отырыңыз: