Әл-Фарабидегі апат: жәбірленуші тарап күдіктіні толық кешірді

Әл-Фарабидегі апат: жәбірленуші тарап күдіктіні толық кешірді
ашық дереккөз

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша жәбірленуші тарап күдікті Александр Пакпен татуласқанын мәлімдеп, соттан оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Марқұм жүргізуші Еламан Қайыржановтың туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға қарамастан, олар күдіктімен өзара келісімге келген.

Жәбірленуші тараптың сөзінше, Александр Пак кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, марқұмның жақындарынан кешірім сұраған.

Сондай-ақ күдікті материалдық шығын мен моральдық өтемақыны толық өтеген. Бұл деректі марқұмның туыстары да растады.

«Бізде Александр Пакқа қатысты материалдық та, моральдық та ешқандай шағым жоқ. Болашақта да болмайды. Татуласу ешқандай қысымсыз, өз еркімізбен болды. Оның құқықтық салдары бізге түсіндірілді және біз оны толық түсінеміз», – деді марқұмның туысы.

Марқұмның жақындары Еламан Қайыржановтың өліміне байланысты Александр Пакты толық кешіргендерін айтып, оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұрады.

«Біздің ойымызша, оған шартты жаза тағайындау жеткілікті. Қазіргі уақытта да, болашақта да оған ешқандай талабымыз болмайды», – деп мәлімдеді жәбірленуші тарап.

Сот отырысында тағы бір жәбірленуші Құмр Теңелбаеваның туыстары да Александр Пакты кешіргендерін айтып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады.