Адвокат Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты күдіктіге қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін түсіндірді

Адвокат Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты күдіктіге қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін түсіндірді
Фото: Dalanews

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты адвокат Джохар Өтебеков құқықтық салдар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, мұндай істерде жәбірленуші тарап кешірген күннің өзінде, тараптардың татуласуы арқылы қылмыстық істі тоқтату мүмкін емес. Себебі адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары ауыр қылмыс санатына жатады.

Адвокат шартты жаза мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, заң бойынша мұндай істерде шартты жаза беруге тікелей тыйым жоқ. Алайда сот тәжірибесінде мұндай шешімдер өте сирек қабылданады.

Өтебековтің айтуынша, аталған бап бойынша күдіктіге 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ тәжірибеде соттар көбіне келтірілген шығын өтелсе және ауырлататын жағдайлар болмаса, 5 жыл шамасында жаза тағайындайды.

Сондай-ақ ол сотталған адам жазасын колония-қоныста өтеуі мүмкін екенін айтты. Адвокаттың сөзінше, бұл — қатаң режимдегі мекемелермен салыстырғанда жеңілірек жағдайдағы түзеу мекемесі.

Бұдан бөлек, адвокат тергеу изоляторында өткізілген уақыттың да есептелетінін атап өтті.

«Бір күн тергеу изоляторында отыру колония-қоныстағы екі күнге теңестіріледі», – деді ол.

Өтебеков сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігі бар екенін айтты. Оның сөзінше, егер сотталған адам жеңілдетілген тәртіпке ілінсе, жаза мерзімінің төрттен бірін өтегеннен кейін, шамамен 1 жыл 3 айдан соң бостандыққа шығуы мүмкін.