Әкімдіктер соңғы үш жылда 1,7 млн гектар жерді жекеге заңсыз берген

Dalanews 22 шіл. 2025 15:46

2022 жылдың басынан бері әкімдіктер жалпы ауданы 1,7 млн гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін беру бойынша 2 900-ге жуық заңсыз шешім қабылдаған. Бұл туралы вице-премьер - ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің депутаттық сауалға берген ресми жауабында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 2022 жылдан бастап әкімдіктердің жалпы ауданы 1,7 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін беру бойынша 2 890 заңсыз шешімін анықтады, оның ішінде 1 335 шешімнің (778,2 мың гектар) күші жойылды, қалғандары бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде", делінген министр хатында

2022 жылдан бастап мемлекеттік жер қорына 13,2 млн гектар жер телімі қайтарылды, оның 11 млн гектары  – жайылымдық жер. Осы кезеңде елімізде жайылымдар тапшылығын екі есеге, яғни 8,4 млн-нан 4,3 млн гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік туды.

Ауыл шаруашылығы алқаптарының тиімді пайдаланылуын бақылау үшін JerInSpectr цифрлық платформасы қолданысқа енгізілді. Ол спутниктік деректерді пайдалана отырып, мониторинг жүргізуге, бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға және жер телімдерімен байланысты заңсыз операциялардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, билік бұл процесті ауыл тұрғындары мен фермерлер үшін ашық және қолжетімді ету үшін жер учаскелерін бөлудің конкурстық процедураларын мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілген электрондық форматқа ауыстыруды жоспарлап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар