"Әкем қай жерде жатыр?" десе, қайда апарамын? - Майқайыңда жоғалған құтқарушылардың жақындары

Сағыныш Сардарова 12 нау. 2024 10:01 3123

"Майқайың" алтын кенішіндегі апатта іс-түзсіз жоғалған екі құтқарушының туыстары іздестіру жұмыстарын жалғастыруды талап етіп жатыр. Қара жамылған отбасылар жақындарының енді тірі табылатынына сенбейді. Тіпті үмітін үзгендерін де айтып отыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеп.

Ең болмаса денелерін жер бетіне шығарып, ақтық сапарға шығарып салсақ дейді. Алайда комбинат басшылары іздестірудің қашан басталатынын айта алмай отыр.

"Майқайың" кенішінде апат болғанына екі айдан аса уақыт өтті. Бірақ жер астына түсіп кеткен екі құтқарушының денесі сол күйі табылған жоқ. 36 жастағы Айдос Шаймерден мен 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің туыстары іздеу жұмыстарының жалғастырылуын талап етіп отыр. 

"Біздің бар тілегіміз – сүйегін алуымыз. Адам сияқты жерлеп, жер қойнауына тапсыру. Ертең мен оның балаларын қай жерге апарамын? "Папам қай жерде жатыр?" десе, қай жерге апарамын? Топырақтың астында қалды деймін бе? Қай топырақтың астында қалғанын да білмейміз. Балаларына не деп айтамын? Сол үшін бауырымның сүйегін алып беруді талап етемін", - дейді Айтжан Қайкина.

Осыдан бірнеше апта бұрын кен байыту фабрикасы жұмысын сәуір айына дейін уақытша тоқтатқанын мәлімдеген еді. Бұған қордағы алтын рудасының таусылуы себеп болды. Алайда бір апта өтер-өтпестен комбинаттағы жұмыс жанданды. Ал үйінді астында қалған құтқарушыларды іздеу сол күйі тоқтаған. Себебі опырылған жерді зерттеген арнайы комиссия бос шұңқырларды анықтағанда топырақтың опырылу қаупі жоғары екенін анықтады. Алайда қайғыдан қан жұтқан отбасылар автобусты еш кедергісіз алып шығуға мүмкіндік бар дейді. Олардың айтуынша, іздеу жұмысы қауіпке емес, қаражатқа байланысты тоқтаған екен.

"Бас директор өзі айтты: "Мен бұл жағдайды шеше алмаймын, бізде қаражат жоқ" деді. Алдында жобалаушылар келді. Оларға 140 миллион төлеу керек болды. Соны бұл кісілер "ондай қаражат жоқ" деп, бас тартып отыр", - дейді Кенжебай Қайкин.

Қос құтқаруышының туыстары бас директор Қуаныш Ботинмен кездеспекке күн сайын комбинаттың алдына жиналады. Олардың айтуынша, екі ай ішінде басы дауға қалған кәсіпорын басшысымен мүлдем жүздеспеген. Қайғылы жағдайдан 70 күн өткен соң кәсіпорын директорымен алғаш кездескен отбасылар басшыны сұрақтың астына алғаны сол еді, жауап қайыра алмаған директор кетіп қалды.

"Міне, екі айдан асты, ол кісінің түрін енді көріп отырмын. Екі айдың ішінде бір рет келген емес. Кеше әкімдікте жиналыс болды, ал ол кісі тағы жоқ. Бас директор емес пе? "Майқайың алтыннан" ешқандай өкіл келмейді. Туыстарға ешкім ешнәрсе түсіндермейді. Осылай ат-тонын ала қашады. Жауапкершілікті бұлар да, жұмыс орны да алғысы келмейді. Бір-біріне сілтейді. Бұл жұмысты біреу бастау керек қой", - дейді құтқарушының жұбайы Жансұлу Шәймерден.

Айдос Шаймерден мен Айып Тілеубергеновтің денесін іздеу жұмысы қашан қолға алынары белгісіз. Қайғы жұтқан қос азаматтың туыстары компания басшылығының шешімін күтіп отыр. Іздеуді жалғастыруды талап етіп отырған отбасылар құтқарушылардың денесін табу үшін соңына дейін баруға бекініп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар