Қазақстанда АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты шағымдар көбейіп, кейбір жүргізушілер көлігін жөндеуге 200–600 мың теңгеге дейін шығындалып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осы мәселені көтерген «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» фракциясының депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттардың айтуынша, соңғы уақытта азаматтардан АИ-95 және АИ-98 маркалы автомобиль бензинінің сапасының күрт төмендегені туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жанармай құйғаннан кейін көліктер тұрақсыз жұмыс істеп, форсункалар, оталдыру білтелері, катализаторлар және басқа да қымбат бөлшектер істен шығатын жағдайлар көбейген.
Кейбір жағдайда көлік иелері жөндеу жұмыстарына 200–600 мың теңге жұмсауға мәжбүр. Депутаттар мұндай шығынның көптеген отбасының бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіретінін атап өтті.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің деректеріне сәйкес, 2026 жылы жүргізілген бақылау сатып алулары кезінде жанармайды алмастырудың нақты фактілері анықталған. Мәселен, Алматыда АИ-100 бензині ретінде құрамындағы күкірт мөлшері рұқсат етілген деңгейден үш еседен астам жоғары өнім сатылған. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен кәдімгі АИ-92 бензині өткізілген.
Депутаттар мәселе тек өндірушіге қатысты емес екенін атап өтті. Заманауи мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген сапалы жанармайдың өзі тұтынушыға жеткенге дейін тасымалдау, сақтау, ауыстырып тиеу немесе сату кезінде сапасын жоғалтуы мүмкін.
Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабының 5-бөлігі кондициялық емес мұнай өнімдерін айналымға шығарғаны үшін жауапкершілікті қарастырады. Алайда депутаттардың пікірінше, бұл норма іс жүзінде жеткіліксіз.
Өйткені жанармай сапасының нақты қай кезеңде – өндірушіде, мұнай базасында, тасымалдау кезінде немесе белгілі бір жанармай құю станциясында – төмендегенін жедел анықтау қиын.
Соның салдарынан көлігі жанармай құйғаннан кейін істен шыққан азамат бензиннің сапасы мен келтірілген шығын арасындағы себеп-салдарлық байланысты өзі дәлелдеуге мәжбүр болады.
Осыған байланысты ОСДП фракциясы Үкіметке алты ұсыныс енгізді.
Біріншіден, мұнай өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейтіп, жанармай құю станциялары мен мұнай базаларынан алдын ала ескертусіз сынама алу құқығын енгізу ұсынылды. Сондай-ақ тұрақты түрде бақылау сатып алуларын жүргізіп, өнімге міндетті зертханалық сараптама жасау қажет.
Екіншіден, жанармайдың әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю станциясына дейін цифрлық бақылауға мүмкіндік беретін жүйе енгізу ұсынылды. АЗС-тағы QR-код арқылы тұтынушы жанармайды сатып алмай тұрып оның шығу тегін және зертханалық тексеру нәтижелерін көре алуы тиіс.
Үшіншіден, жауапкершілікті тек соңғы сатушыға жүктемей, жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі тарапқа дербес жауапкершілік белгілеу ұсынылды.
Төртіншіден, ӘҚБтК-нің 281-бабы бойынша құқық қолдану тәжірибесін талдап, сапасыз жанармайды сату және айналымға шығару үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Сонымен қатар кондициялық емес отын партияларын міндетті түрде айналымнан алып тастау тетігін енгізу қажет.
Бесіншіден, жанармай сапасын тексеру нәтижелері жарияланатын ашық мемлекеттік тізілім құру ұсынылды. Онда өңір, жанармай құю станциясы, анықталған заң бұзушылық және қабылданған шаралар көрсетілуі тиіс.
Алтыншыдан, сапасыз жанармайдан зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты механизмін қалыптастыру ұсынылды. Атап айтқанда, жанармай сапасы мен көлікке келген залал арасындағы байланысты дәлелдеуді жеңілдетіп, диагностика мен жөндеу шығындарын кінәлі тараптан кейін өндіріп алу арқылы алдын ала өтеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Депутаттар отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мен сапалы отын өндірісін арттырудың нәтижесі жанармай тұтынушыға жеткен кезде сапасын жоғалтса, оның тиімділігі төмендейтінін атап өтті.
«Мемлекет бензиннің сапасына зауыттан шыққан сәтте ғана емес, әрбір көлік иесінің багына құйылғанға дейін кепілдік беруге міндетті», – делінген депутаттық сауалда.