Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) салынуына байланысты ядролық энергетикалық реакторлардың қауіпсіздігіне қатысты көптеген орынды сұрақтар туындап отыр. Айта кетейік, АЭС-тің қауіпсіз жұмысы — мұндай нысандардың құрылысын бағалаудағы басты факторлардың бірі.
Қазақстанда АЭС үшін ядролық реактордың түрі ретінде 3+ буынға жататын заманауи су-сумен салқындатылатын екі контурлы реактор таңдалды. Бұл реакторлар қауіпсіздіктің біріктірілген жүйелерімен жабдықталған және көпдеңгейлі қорғаныс қағидатына негізделген. Бұл жүйелерге активті және пассивті қорғаныс элементтері жатады, олар реактор жұмысындағы апаттық жағдайларды уақтылы жоюға бағытталған.
Активті жүйелер сыртқы қуат көзі мен оператордың қатысуымен жұмыс істейді. Мұндай жүйелер реактордың активті аймағын шұғыл салқындатуға, ядролық реакцияны тоқтатуға және реактордың резервтік қуат көздерін қосуға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл жүйелерде "адам факторы" әсер етуі мүмкін – яғни оператордың кешігіп әрекет ету ықтималдығы бар. Сол себепті реактор құрылымында пассивті қорғаныс жүйелері де қарастырылған. Олар адам қатысуынсыз жұмыс істейді, әрі автоматты түрде іске қосылады. Оларға мыналар жатады:
-
Бор қышқылымен толтырылған апаттық резервуарлар. Егер реакторда қысым төмендейтін болса, ауырлық күші әсерінен осы резервуарлардан су активті аймаққа түсіп, ядролық реакцияны автоматты түрде тоқтатады.
-
Бу генераторларын табиғи айналым арқылы салқындату. Электр қуаты сөніп, насос жұмыс істемей қалса да, су жылуалмастырғыштар арқылы табиғи түрде айналып, оларды қызып кетуден қорғайды.
-
Реакторды қоршайтын арнайы бетон қабаты (контайнмент). Бұл темірбетон конструкциясы реактор ішіндегі артық қысымға немесе сыртқы соққыға (мысалы, ұшақ құлауы) төтеп береді және радиацияның сыртқа таралуын болдырмайды.
Осы біріктірілген жүйелер АЭС-тің қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және Халықаралық Атом Энергиясы Агенттігінің (МАГАТЭ) талаптары мен ұсынымдарына толық сәйкес келеді.
Айта кетерлік жайт, Қазақстан үшін таңдалған су-сумен салқындатылатын реактор түрі — әлемдегі ең қауіпсіз реакторлардың бірі болып саналады. Бүгінде қолданыстағы ядролық энергетикалық реакторлардың жартысы — дәл осы типтегі реакторлар. Және оларды қолдану тарихында бірде-бір ірі апат тіркелмеген.
Өз тәжірибеммен бөліссем, біздің Ядролық физика институтында 1967 жылдан бері 6 МВт қуатты ВВР-К су-сумен салқындатылатын зерттеу реакторы жұмыс істеп тұр. Осы реактор негізінде қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттар өндіріледі. Осы уақыт аралығында бірде-бір апаттық жағдай болмағанын мақтанышпен айта аламын.
Ядролық физика институты бас директорының орынбасары Евгений Ермаков