6 қазандағы референдумда АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері белсенді дауыс беруде. Осылайша, алты саяси партияның жетекшілері – штаб мүшелері өз дауысын берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ ғимаратында орналасқан №163 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Бүгін – біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды күн. Еліміздің болашағына қатысты үлкен шешім қабылдануда. Ең бастысы, бұл шешімді халық қабылдап жатыр. Бұған дейін біз Конституциялық реформа қабылдадық. Оның басты мақсаты – әр адамның мемлекеттің саяси өміріне еркін қатысуын қамтамасыз ету. Бүгін біз соның нақты іске асқанын көріп отырмыз. Барлық аймақтағы азаматтарымыз өз даусын беріп жатыр. Өңірлерден келіп жатқан ақпараттарға қарағанда, белсенділік өте жоғары. Халық мемлекетіміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасайды деп ойлаймын", – деді журналистердің сұрағына жауап берген Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, АЭС құрылысы бойынша жалпыреспубликалық референдумда Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Астанадағы М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында орналасқан елордалық учаскеде дауыс берді.
"Бұл референдум – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл посткеңестік елдер үшін де өте маңызды оқиға. Халқымызға елдегі атом энергетикасы сияқты стратегиялық саланың ары қарайғы даму жолын өздері шешім қабылдай отырып айқындауға бірегей құқық берілді", – деді ол.
"Ақ жол" демократиялық партиясының көшбасшысы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Астана қаласындағы №66 мектеп ғимаратында орналасқан №165 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Қазақстандықтарды энергетикамыз бен тұтас экономикамыздың болашағына қатысты мұндай маңызды оқиғамен құттықтаймын: дамыған елдермен бірге технологиялық және прогрессшіл келешекке қатар барамыз ба, жоқ, әлде, тас-көмір дәуірінде қаламыз ба; бұл таңдауды Қазақстан халқының өзі жасайды", – деді ол.
Осы учаскеде "Respublica" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров та дауыс берді.
"Менің ойымша бүгін – еліміз үшін өте маңызды күн. Себебі біз экономикалық бағытта, Тәуелсіздік бағытында үлкен таңдау жасаймыз. Мемлекет басшысы әр қазақстандықтың пікірін ескеру үшін АЭС салу мәселесін референдумға шығарды", – деді ол.
Сондай-ақ, жалпыреспубликалық плебисцитке Baitaq жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев та қатысты. Ол №92 мектеп-лицейінде орналасқан №53 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Ел ертеңіне әсер ететін шешімге үлес қосып, дауыс беру – азаматтық борышым", – деді ол.
Ал "Ауыл" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев партияластарымен бірге Көкшетау қаласындағы №22 сайлау учаскесінде дауыс берді.