АЭС салу? Кремль Қазақстанды 30-40 жыл уысында ұстамақ – сарапшы

Dalanews 02 нау. 2021 12:27 920

Кремль Қазақстанды алысқа ұзатқысы келмейді. Атом электр станциясын салу арқылы одақтасын тағы 30-40 жылға байлап-матап тастамақ деп хабарлайды Dalanews.kz АҚШ сарапшысы Маргарита Польге сілтеп. 

Қазақстанда АЭС салуға құлшынып отырған Ресей бұған аргумент ретінде: “Есесіне ауа тазарады. Экологиялық ахуал түзеледі. Көмір жағып, күннің көзін көк түтін тұмшаламайды. Баламалы қуат көзі пайда болады, таза ауамен тыныстап, таза энергияға қарық боласыздар”, – дегенді алға тартуда. 

Түнеукүні Комсомолкаға сұхбат берген Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородовкин де жұртты соған сендіруге тырысқан-тұғын:

“Росатом зауыттың қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып, бұл жобаны қабылдауға дайын. Орыс атомы туралы фобиялардың шындыққа жанаспайтынын атап өткім келеді. Ресейлік АЭС-тарда қолданылатын ең заманауи технологиялар құрылыс кезінде де, осы объектілерді пайдалану кезінде де қауіптің болмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, АЭС жобасы электр энергиясынан басқа Қазақстан экономикасының көптеген салаларына серпін береді, білікті жұмыс орындарын ашады және ядролық физика саласындағы жоғары білім сапасын арттырады,- депті Ресей елшісі.

Алайда Мәскеудің Орта Азияға қатысты қулық-сұмдықтарын күні  бұрын сезетін АҚШ:  “Ресейдің қоршаған ортаға жаны ашып отырғаны шамалы”, – дейді.


Америкадағы Ядро қаруының таралуын зерттейтін ғылыми орталықтың сарапшысы Маргарита Поль мұны Кремльдің кезекті саяси жобасы деп санайды. 

Оның ойынша АЭС салу арқылы Кремль Орта Азиядағы “геосаяси активтерінің” санын арттыра түседі.  

“Қазақстан АЭС салып қана қоймай, оған сервистік қызмет көрсететін Ресейдің қас-қабағын бағып, алдағы 30-40 жылға жіпсіз байланады. Кремль аймақтан айырылып қалмаудың түрлі жолдарын іздеп, аласұрып жүр. Соның бірі - Атом электр станциясын салу. Бұл жобаның саяси мотиві бар”, – дейді ол. 

Эколог Азаматхан Әміртай да осы ойда. 

"АЭС салу Ресей үшін өте тиімді.Ресей сол арқылы Қазақстанды бақылай алады. Бұл да бір әскери орынға айналады деуге болады. Және бұл Ресейге коммерциялық жағынан өте тиімді. Өйткені, сол үшін Қазақстан оларға ақша төлейді. Олардың бизнес компаниялары сол арқылы ақша табады. Ол ресейлік олигархтар мен Мемлекеттік Думадағы, Кремльдегі  лоббистерге пайда әкеледі", – дейді ол. 

...

Ресейдің АЭС салу туралы ұсынысы қоғам тарапынан тегеурінді қарсылыққа тап болды. Соның ішінде қазақтілді аудитория биліктен бұл мәселеге қатысты үзілді-кесілді жауап беруді талап етуде. 

Саясаткер Мұхтар Тайжанның пікірінше, біздің билік “көнбейді де, көнбеймін демейді де”.


Оның пікірінше Ресей тарапы саламыз деп сайланып отырған АЭС-те жарылыс болса, ХХІ ғасырдағы ең үлкен трагедия осы болады.

- Ресейдің бірде бір атом электр станциясын Қазақстанға кіргізбеу керек! Чернобыльдегідей бір жарылыс болса, Қазақстанда XXI ғасырдағы ең үлкен трагедия болады. Мұның шығыны Ашаршылық апатынан да зор болуы мүмкін. 

Бұл мәселеге - таулардағы демалыс орындары мен дәретханаларға баруға үзілді-кесілді қарсы болып жүрген «экологтарымыз» не айтар екен? Олардың да тегеурінді қарсылықтарын күтеміз…”, – дейді Тайжан. 



Ал АҚШ сарапшысы алдағы жылдары Ресейдің назары Орта Азияға ауып, уыстан шығып бара жатқан аймақты өз ықпалына қайтару үшін жанталасады дейді.  

“Қырымды отарлағаннан кейін санкцияға ұрынып, жалпақ әлемнен оқшауланған Кремль АҚШ пен Батыста кеткен кегін Орта Азиядан алуы ғажап емес. Аталған аймақтан өзге саяси жүріс жасайтын кеңістігі де жоқ, Кремльдің тынысы тарылып тұр”, – дейді ол.

Оның айтуынша Қазақстан билігін алдап-сулап АЭС салып алса Кремль одақтасын қолында ойнатады. Қазақстанға бір еніп алса, әрі қарай аймақтағы басқа елдерге де емеурін білдіруі ықтимал.  


“Беларусьтегі ресейліктер салып берген АЭС биылғы жылы іске қосылуы керек еді. Бұл енді шешілген шаруа. Қазақстан билігінің тілін тапса, келесі кезекте Өзбекстан тұр”, – дейді сарапшы. 



Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да Ресейдің Қазақстанда АЭС салу идеясына түбегейлі қарсы. 

Сарымның пікірінше Ресеймен байланысты кез-келген бірлескен жобаға сақтықпен қарау керек, өйткені оның аржағында Қазақстанның ішкі ісіне тұмсық тығу деген пасық пиғыл жатыр.

Одан бұрын бұған халық қарсы. Билік халықтың пікіріне керағар шешім қабылдаса, өзі қайталап жүрген “еститін мемлекет” қағидасына қарсы келген болады. 

АЭС салу идеясына жаппай қарсы шығып, өре түрегелген әлемжелідегі жұрттың ашу-ызаға толы ашық хаттары мен петициясы Тоқаевқа жетіп, президент былтырғы жылдың қазанында бұл жобаға пәрмен беруден бас тартқан.  

“Біздің ел мұндай авантюраға бас сұқпауы керек. Бүгінгі экономикалық жағдайға шынайы көзбен қарап, әлеуметтік ахуалды есепке алған жөн”, – дейді Айдос Сарым. 


Ресеймен әріптестіктің Қазақстанға пайда әкелген кезі жоқ. Мәжіліс депутаты Ресей жалға алып отырған Байқоңырды мысалға келтіріп, соның салдарынан болған экологиялық апат туралы айтыпты.

Ресей зымырандарының қалдығы Қызылорда облысының аумағында үйіліп жатыр. Олардан тараған у жергілікті тұрғындардың ағзасын улап, өңірдің климатына да теріс әсер етуде.  

Депутат Сарым осы күнге дейін Қазақстанның экологияға қатысты талаптарына құлақ аспай келе жатқан Кремльді айыптап отыр.

“Біздің ел АЭС салу туралы идеядан бас тартқанын кесіп айтса да, Мәскеудің Орта Азиядағы пропаганда құралдары жобаны жарнамалауды доғарар емес. Үгіт-насихаттың аржағында Мәскеудің сұғанақ саясаты мен астыртын амбициясы жатқаны бесенеден белгілі. Осыдан-ақ бұл жобаға кімнің шын “мұхтаж” екенін аңғарамыз”, – дейді Сарым. 



Ресейдің Қазақстандағы елшісі АЭС салу туралы идеяға биыл болмаса да, келесі жылы қайта айналып соғуы мүмкін. Себебі бұл бастама бүгін қана көтерілген жоқ. Осыдан 3 жыл бұрын дәл сол Бородовкин: “2019 жылы бұл мәселе бойынша нақты шешімге келеміз”, – деп мәлімдеген. 

2019 жылдың сәуірінде Путин президент Тоқаевқа Ресей технологиясын пайдалана отырып АЭС салуды ұсынған. Еліміздің Энергетика министрлігі АЭС салу үшін Алматы облысының Үлкен ауылы қолайлы екенін айтқан.

Путиннің ұсынысы қоғам қарсылығына ұшырап, Тоқаев ел пікірі ескерілмей елде АЭС салынбайтынын айтқан еді. 


«АЭС құрылысы тақырыбы қоғамда үлкен резонанс пен пікірталас тудырды. Бұл проблема өте күрделі. 2030 жылға қарай Қазақстан электр энергиясының тапшылығына тап болады. Сондықтан, бұл мәселені қазір шешу керек. Сонымен бірге, елдің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданбайды», - деді ол.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар