Қазақстан АЭС-ке қатысты референдумды өткізуге 15,5 млрд теңге жұмсамақ, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина айтты.
"Референдум туралы заңның 20-бабына сәйкес, біз орталық референдум комиссиясы Үкіметке шығын сметасын жобасын дайындап жібереміз. Бүгін таңертең оны істедік. Орталық комиссияның дайындаған сметасында шығыстардың жалпы сомасы 15,5 млрд теңге", - дейді Мұстафина.
2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. АЭС салу мәселесіне қатысты Ұлттық Референдум 6 қазанда өтеді.
"Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз", - деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет.