Әділетті қоғам формуласы

Dalanews 17 мам. 2023 11:08 1908

Тарих сахнасында ірі тұлғалар өз бейнесінің қалай жасалатынын, алдынан тағдыр қандай сый тартарын іштей бағамдайтын  болар.  Қай тұста ұтты, қай тұста ұтылды.

Көш басын ұстаған көсемнің  үміті мен күдігі алмасып, қуанышы мен қамығуы қатар жүретіндей. Әділетке ұмтылған сайын  кедергілер - жеті қабат жұт болып, жеті жерден керегесін керер. Ақиқатқа ұмтылса азуын ақситып айбат шегер.

Қазақ қоғамы жаңа сапалы, жаңа сипаттағы жаңғыру кезеңді күтті. Халықтың мінезі өзгерді. Бұрынғы кеңестік жүйеге еті үйренген «менің қожайыным кім болса да бәрібір дейтін, белсенділік пен жігерден айырылған, рухани мүмкіндіктері  кенжелеп қалған» халық емес.  Отыз жыл азат өмір сүрген, тәуелсіз мемлекеттің еркін, батыл, тура сөзді, білімді, жаңа толқыны қалыптасты.

«Қазақ өзгерді» -депті Мұқаң. (Мұхтар Әуезов) Сонау кеңестік жүйенің өзінде. «Сіздер бұдан  қырық жыл бұрынғы қазақты іздеп әуре болмаңыздар, бұдан қырық жыл бұрынғы қазақ қазір жоқ. Қазіргі қазақтың мәдениеті де, тұрмыс-тіршілігі де, ой-санасы да, мінезі де өзгерген» деген ойын дәлелді айтыпты. Өркендемейтін, дамымайтын, өспейтін   халық ғана тоқырайды дегенді меңзеген болар ғұлама суреткер.

Тәуелсіз Қазақстанның төртінші он жылдығы – өзгерістер мен дамудың жаңа дәуіріне  қадам басты.

Президент Қ.К. Тоқаевтың әділетті мемлекет құру,  біртұтас ұлт болып ұйысып іс атқару, берекелі  қоғам келбетін қалыптастыру қадамы күттірмейтін кезең еді.  Күтетін болсақ кеш қалатын, кеш қалсақ  төңкеріске әкеле жатқан дағдарыс алдындағы  кезең еді.


Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көре алмай, қоғамда кедейлер саны артып, халықтың тұрмысы нашарлай түскен кез. Халық  тұрмыс-тіршілігіне арқау болып отырған жерінен айырыла бастады. Жер мәселесі шешілмейтін дауға айналды. Халықтың игілігіне айналатын суармалы жерлердің жекешеленіп кетуі, шетелдіктерге сатыла бастауы, халықтың наразылығын тудырып, ашындыра түсті.

Осы тұста жүз жыл бұрынғы қазақ халқының басынан өткен ауыр кезең қайта айналып келе жатқандай көрінді. Ол дәуір  қазақ  халқына ауыр тигенін, ұлтты қасыретке ұрындырып, ауыр күйзеліске әкелгенін ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан ашына жазған екен.

«Қазақ-қырғыздың болыстары, қулары пайда қыламын деп елдің жерін келімсек орысқа жалдаған. Келер жылы қазақ-қырғыздың осы жері артық деп жалдама жерді алдымен келімсекке алып берген. Елді сатқан, қарғыс атқан қулар батша өкіметімен, келімсек орыспен таяқты қазақ-қырғыздың арқасына бірге соққан, елін, жерін сатып жүзіқараның тонын киген» (Ә.Бөкейхан «1916-1926» мақаласы) -депті.

Жасыратыны жоқ  тура осы тәсіл  тәуелсіздігін алған алаңсыз жұртты төңіректеп келіп, аяқтан шалып, алқымнан қыса бастады. Ушыққан мәселе тереңге тамыр жая бастаған. Алаш қайраткері Әлихан бабамыздың «жерін сатып, жүзі қараның тонын кигендер» біздің қоғамда да елдің жағдайын тығырыққа тіреді.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекетіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды. Мен мынандай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Жер шетелдіктерге сатылмайды және бұл мәселеге енді қайтып оралмаймыз» дегенді ашық жария етті. Игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлерді анықтап, оны алып қою мақсатымен ғарыштан мониторинг жасауды заңнамалық тұрғыдан бекітіп, 12,8 млн гектар игерілмеген жердің  7 млн гектарын мемлекетке қайтарып алды.


Есесі кетіп бара жатқан ел демін ішіне тартып бір күрсінді. Бұл оңай болған жоқ, әрине! Тоқаевтың  саяи реформасына қарсы күрес пен кедергілер бас көтере бастады. Бұл қатер алғашқыда қарапайым халықты аса алаңдата қоймағанмен елдің дамуына тұсау, өркендеуге тұзақ құрылған  саяси  белсенді топтың жан-жақты қарсы күресі еді.  Жүзі қаралар кезең-кезеңімен  Отанға от шашып «ойнады» бұл ылаң қарапайым халықтың ығырын шығарып, күйзеліске салды. Онсызда  қалт-құлт етіп отырған халықты қалайда  көтеріліске айдап салу әрекеттерін жүзеге асырмаққа бел буды.

Өркениетті мемлекеттермен салыстырғанда  кез-келген дамушы елді  басқа дамыған қиындықтар мен кедергілердің алдын тосып тұратыны белгілі.

Ең әуелі қауіпсіздік қатері, дамуға төнген қатер, адам құқығы мен заңдылықты сақтаудың қатері. Бұл қауіп-қатер сырттан келмегендей бой жасырғанмен ішкі ірітуді, ішкі алауыздықты қоздыра отырып, төңкерісті қолдайтыны да белгілі әдіс. Мұндай тәсілдерді тәжірибесіз, әлсіз саясаткер ауыздықтай алмайды.  Сондықтан  соғыс өрті тұтанады. Өртті басуға ешкім де ынталы болмайды. Себебі ол әр  мемлекеттің ішкі саяси дағдарысы.

Отыз жыл іргесі қаланған тәуелсіздікке төнген  қатер оңай емес  еді, әсіресе отыз жыл ішінде түйіні шешілмей тұрған дағдарысқа арқау болып, елең де, алаң күй кешкен тұста жүзеге асуға тиісті нақты қадам жасайтын реформатор қажет еді. Бұған дейінгі алдамшы, науқаншыл реформаларды бастан өткізген халықтың сенімі тұрақсызданып, көкейінде күмән қонақтаған. Оларды селт еткізіп сендіру де аса қиын еді.

«Құлдықта жүрген халыққа қорқақтық, екіжүзділік, сөзтасушылық, жабайылық тән; олардық қатыгездігі шектен шығарлық. Құлдардың қолы жер өңдеу мен құнарландыруға қабылетсіз болады.  Белсенділік пен жігерден айырылған оларда ізгілік те, ақыл да, талант та жоқ; олардың рухани мүмкіндіктері жетілмей қалған, олар өнерге де, саудаға да жер өңдеуге де  дұрыс қарамайды» (К.А. Гелвеций «Адам туралы»)

Рухсыздық жайлаған жерде мемлекетшілдік, отаншылдық, еркіндік сөнеді. Мұндай елде іс бастайтын адам да болмайды. Мемлекеттің болашағы үшін    бұдан  өткен қауіп болмас.

Мемлекеттік қызметшілер хаттамалар толтырумен, жауапты органдарға мәтін жазу жаттандылығымен қалыптасып қалған. «Ел шетіне жау тиді» десе де, қағазға мәтін жазып, оның үтір-нүктесін түзеп-күзеп отыра беруге бойұсынып, қатып қалған. Барлық еркіндік те, жігер де, іс-әрекет те қағаз жүзінде қала береді. Мемлекеттік қызметкердің дәстүрлі жұмыс тәсілі солай, көзқарас солай, талап та сол тәрізді....


Мемлекеттік қызметкердің психологиясы өзгеру керек. Ол Отаншыл ма?.. Әлде, керісінше мемлекеттік жауапкершілікке қалтаға түсетін жалақысының мөлшерімен ғана қарай ма?.. Немесе мемлекеттік қызметке келудегі мақсат –бедел мен өз есебін түгелдеу ғана ма...

Мемлекеттік қызметкер мансапқа  қаншалықты құмар болса, мемлекет алдындағы  парыз бен жауапкершілік одан да үстем болуы шарт. Көп жағдайда мемлекеттік қызметкер мансапты жоғары бедел, үстемдік етуші құрал ретінде қолданады.  Халықтың алдында іс бітірерлік жанкешті жауапкершіліктен бас сауғалайды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет» деді. Президенттің бұл сөзі саяси реформалардың тежеліп отырғанына қатысты айтылды деп ойлаймын. Әлихан Бөкейхан Қазақ автономиясын құру жолында: «Біздің қазақ іс атқаратын адамға жұтап отыр», -деп іс атқаратын адамның аздығын бірнеше рет ауызға алыпты.

Қ.К.Тоқаев  2020 жылы халыққа Жолдауында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп атады.  Саяси реформаларды іске асыру үшін шат қимыл, тез нәтиже көрсету - заманның талабы. Жолдау бағыты құрғақ сөзден іске жұмылдыру әрекетін талап етіп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде:

«...Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызыметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасақтау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек» -дейді.

«Беласу» дипломатиялық  очеркінде  Ли Куан Юдың:  «Көмекшілерден бастап, жоғарғы сатыдағы шенеуіктердің анкетасында көрсетілген ақпаратпен ғана шектелмей, олардың моральдік және іскерлік қасиетін бүге-шігесіне дейін анықтау керек.

Көптеген демократиялық институттардың сындары мен айтқандарын тыңдай берудің қажеті жоқ. Онан гөрі алдымен өз халқыңның тыныш өмірі мен тоқ болуын ойлаған абзал» -деген  кеңесіне Қ.К. Тоқаев  ерекше мән берген екен. Бәлкім, шындығында да іскерлік қасиеті төмен шенеуіктің анкетадағы көрсеткіші сәйкес келмейтіні де шындық.

Мемлекет басшысының әр қадап айтқан саяси шешімдері  бүгінгі күнде өз нәтижесін қапысыз беруі  керек.

Қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан реформа бүгін іске асса ғана халықтың таңдауындағы Әділетті  қоғам салтанат құрмақ.

 

Әділетті қоғам


 Әділдік  азаматтардың өмірі мен еркіндігін қорғайды. Кімнен қорғайды?.. Адамды адамнан қорғайды!!!  Демек, әділетсіздікті адам адамға жасайды. Қылмыс, қиянат әділетсіздігі ЗАҢ арқылы қорғалады. Қандай қайшылық пен қорғансыздық, десеңізші.

Адам жанына ізгілік ұя салғанда ғана ақиқат пен әділдік салтанат құрады. Ақиқат пен әділдік салтанат құру үшін ЗАҢ ізгілікке құрылады. Әдетте  біз ізгілікті әдебиеттен, өнерден, тарих тағлымдарынан ғана іздейміз. Діннің негізі де тек ізгіліктен тұрады, бірақ дінге деген сенімді  діншілдік пен фанатизм қолжаулық етіп, әуелгі ойымызға селкеу түсіруге тырысып бақты. Дінге күмәнмен қарайтындар бой көрсетті. Адам діннен де сақтана бастады. Бірақ дәстүрлі діннің ізгіліктен бастау алатыны  ақиқат!

Ізгіліктің тағы бір шуағы  -  Әдебиет пен  Өнер .  Әдебиет пен өнердің миссиясы әр адамның бойындағы  ізгілікті  тірілту.

Ізгі қоғам құруға  о баста діннің үлесі қандай орасан болса, адамзаттың тағы бір рухани күші әдебиет пен өнер. Адамзат үшін әдебиет пен өнердің үлесі ұшан-теңіз болды.  Ерте ғасырлардағы  ойшылдар ізгілікке  «саяси ізгілік» деген ұғымды  кірістірді.

«Ізгілік - Отанға және Теңдікке деген сүйіспеншілік» (Ш.Л. Монтескье) деп тұжырым жасаған екен.

Ізгілік - әділетті заң, ізгілік -білім , ізгілік - мәдениет.

Батыс елдерінде өтіп жатқан сот процесінің бір үзіндісін теледидардан көріп таң қалған едім. Көлік жүргізуші  қарсы келе жатқан көлікке абайсызда соғылып, заң алдында айыпты болады. Әкесі «көлікті байқаусызда соғып алдым», -дейді. Қателігін мойындап,  үш-төрт жыл, бәлкім одан да көп жылға жазасын өтейтін болады. Бірақ әкесімен  бірге көлікте отырған бала: «Әкем  көлікті қаққан жоқ», -деп куәлік береді. Сот алдында әкелі-балалы екеуінің  сөзі сәйкес келмейді.  Әкесі таң қалып, өзінің кінәлі екенін және баласының жалған айтып тұрғанын  сот орындаушыларына ескертеді. Сот жасөспірімге жалған куә бергені үшін айыпты болатынын  ескертеді, бірақ бала бірбеткейлік танытып, айтқанынан қайтпайды. Бұл оның әкесінің түрмеге кетуіне үзілді-кесілді қарсылығы еді. Әкесіне деген ғажап сүйіспеншілігі еді, әкесін түрме торынан қалайда құтқару алдындағы жанталас, әкеге деген  таза махаббаттың көзсіз ерлігі еді.

Сот осы сүйіспеншілікке ерекше назар аударады. Залал келтірілген көліктің иесіне толық өтемақы беру арқылы сот үкім шығарады. Әкелі - балалы екеуін жалғыздық қасіретінен, трагедиядан сақтау үшін  сот ізгі жол іздейді. Баланың әкеге деген шексіз махаббатына сот ізгілік жолын қарастырады. Мен  соттың сол жолғы ізгілігіне қайран қалып,  тіпті таңданып, сүйсініп едім...

 Қоғам саяси ізеттілікке де сүйене алуы шарт. Ақиқатында ізгілік –иман. Қиянатқа бармау, қылмыс жасамау, тәкаппарлықтан сақтану, барынша әділетті болу, біреудің хақысын жемеу, қазынаға қол салмау, адамды-адамның жақсы көруі.  Бұл жеке адамға ғана емес, қоғамға, мемлекет ұстанымына да қатысты. Бірақ көп жағдайда ізгілік ауызбен айтылғанмен жүректе болмай шығады.


Сонымен қатар қоғамда шындық және бүлік деген ұғым бар.  Қоғамда шындықты тек қана бүлік қорғай алатындай пиғыл басым.  Қоғамдағы шыншыл кім? Бүлікшіл кім?  Бүлікшілде  адуын күш бар, зерде  жоқ немесе зерде әлсіз.  Бүлік арқылы халықшыл болып көріну, даңққа бөлену, жалған құрметке ұмтылу.  Бүліктің  әрекеті – қақтығыс, текетірес, соғыс.

Шындықтың ұстанымы – Ақиқат. Шындық - Әділдіктің досы.  Шындық заңға арқа сүйейді. Шындық заңмен қорғалады. Әділет атты ұғымды  қалыптасқан заңдар қорғайды. Әділетті заң –халқының теңдігін сақтайды, адамдардың бір-біріне әділетті болуын мәжбүрлейді.

«Ертеректе мемлекет басшыларының қасына сайқымазақ атын жамылған дана адамды қосып, оларға  қай кезде ақиқатты айту керектігіне мүмкіндік беріліп отырған. Ол ақиқаты айтып, әділ сөйлейтін болған; жоғарыдағылар сол үшін де бұларды жек көрді. Сайқымазақтар мәртебелі тақсырлардың жанында жүріп төзімін әбден тоздырған  соңғы ДАНАЛАР еді. Олар  кейіннен билікке ұнамады, сондықтан  билік те  қызметтерін  жойып жіберген» (К.А. Гелвеций «Адам туралы»)

Қорқыт Ата мен  Бұхар жырау даналығы да  айбарлы хан мен қол бастаған бектерді ақылымен демеп отырған, сабырымен тежеп отырған.

Мемелекет басқару ісі -  алдымен  өз ұлтының даналығынан күш алады деп ойлаймын.

Мемлекет басшысының Ұлттық Кеңес құру, Ұлттық Құрылтай шақыру идеясының төркіні де осында жатса керек. Қ.К.Тоқаев  еліміздегі саяси  нақты қадамдардың бағытын түсіндіре отырып, ел-ағаларының, халықтың үнін естудің жолын таңдады.

«Біз көпті көрген ел-ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз» деуі ойымызға дәлел.

Мемлекет басшысына қордаланған мәселелерді шешу үшін  нақты саяси қадам жасауға тура келді. Өйткені қоғам қатерлі шиеленістің алдында тұрды. Халықтың билік басындағыларға деген ашу-ызасы артты. Осынша өрескел, қым-қуыт, берекесіздіктің алдын  тек қана саяси  ірі қадам ғана өзгерте алар еді. Ол үшін Қ.К. Тоқаевқа халықтың сенімі керек болды. Халықтың сенімі  ұлы бетбұрыстарды талап етті.


Әділетті мемлекет құру – ұлт санасын өзгерту. Халықтың БИЛІК туралы түсінігін өзгерту. Өзінің таңдауы болмаған халықтың қиянат көретіні де, қыжалат тартатыны да, самарқаулық пен енжарлық көңіл-күйден арылмайтыны да рас. Сондықтан  билікке деген сенімсіздік, наразылық  әркез туындап отырды. Халық пен Билік бірін-бірі естімейтін жағдайға келді.

Мемлекет басшысы халықтың үнін еститін, халыққа есеп беретін, жаңа билік жүйесінің бағытын ұсынды. Президент осы арқылы халықтың өз таңдауын жасауына мүмкіндік берді. Билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтты, президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынды.  «Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтамасыз етудің өркениетті қағидаттарын бекітуге тиіспіз» деді ол.

Президент Қ.К.Тоқаев жыл соңына дейін реформада көзделген конституциялық  өзгертулердің барлығын заң арқылы бекітіп, аяқтап, жедел іске кірісуді талап етіп отыр.

Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты. Саяси реформа Парламент пен мәслихаттардың партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша  жасақтау тәсілін іске асыру арқылы шын мәніндегі Әділетті мемлекет құрудың демократиялық жолын, жаңа саяси дәуірдің айқын көрінісін танытты.

Әділет жолын таңдау алдында түрлі қауіп-қатерге Президент те, Халық та  бел байлады, тәуекелге бас тікті. Жылмиып тұрып, жырылып топ құрғандар тұзақ салды... Қарсылық  пен қайшылық шиеленісі шарықтау шегіне жетті. Қаңтардың қара дауылы  тәуелсіз елдің тыныштығын шайып, жайпап  өте салғысы келген.  Дамудың күндесі – кедергі.


Халықтың қолдауы мен  сенімі саяси реформаның жүзеге асуын үдере қолдап кетті.  Сол сәтте мемлекет басшысының бәйге атындай шабысы қара терге малшынтып, буырқанып - бусанып, булыққан да шығар. Қаһарын төгіп, кәріне мінгенде құйқа тері жүз жиырылып, мың жазылған болар.... Біз сондай сәттерінде  жанында болмасақ та сезіндік!!!

Қолға алынған саяси реформаның күші дес бермеді, ХАЛЫҚ  президентін қолдап, әділетті қоғамның туын  тікті.

Бұл біртұтас ұлттың ел тәуелсіздігі жолындағы, жеріміздің тұтастығы жолындағы береке-бірлігінің көрінісі. Ендігі ұранымыз да, бірлік-бағытымыз да, ұстанған бағдарымыз да Тәуелсіздіктің мәңгілігіне қызмет ету.

 

 Тәуелсіз Қазақстан


 Тәуелсіздік – қазақ мемлекетінің ұлы Жеңісі.

«Тәуелсіздік қазаққа оп-оңай келе салды» деп теріс ой айту кешегі мен бүгінгіні  салыстырмай, өткен тарихтың жанқияр күресіне көз жұмып қарағандардың  дәлелсіз айта салған даурықпа пікірі  деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бағдарымыз бен белесімізді айқындауымыз керектігін айта  келіп, «Отыз жылда біз қандай  жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекетімізді нығайта  түсу үшін  тағы не істейміз?» деген сауал  тастады, баршамызға.

Отыз жыл ішінде шын мәніндегі тәуелсіз мемлекеттің іргетасы қаланды. Мемлекеттің билік жүйесі, ұлттық валютасы, Қарулы Күші, Диломатиялық байланысы, көрші мемлекеттермен шекара шегенделді.

«Қазақстан тәуелсіздігін ең соңынан жариялады» деп сырттай сөккендер де болды. Бірақ «Неге?» -деген сұрақтың астарына үңіле алмадық. Кезінде Әлихан Бөкейханның да  жанына батып, жұмбағын шешуде қабырғасына батқан тұсы осы еді. «Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуші бір жұмбақ бар...» деп еді.

Сол жұмбақ күпті, күдікті жұмбақ еді.Ол жұмбақ шешілмейтін, шешілсе  бүтін қазақты бірнеше  аймаққа бөліп жіберетін, бөлініп кеткен аймақтың басы бүтін бір ел болып, ешқашан бірікпейтін  және біріктіруге  қарсы сыртқы саяси күштің басым болатындығы еді.  Бұл саяси шатқалдан сақтанудың қандай жолы бар еді? Іштегі бөтен ұлтты бөлмей, қазаққа сіңістіріп жібергенде ғана өз жерінен көшпей, атақонысын жат жұрттыққа бермей  қалайда сақтап қалу.

«Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты да ала кетеміз бе деген үміт. Іштегі орыс мұны мақұлдайтын көрінеді...»  депті Әлихан Бөкейхан. Тарих сынында  екі жолайырық тұрды, екеуі де қазаққа қауіпті еді.


Қазақстан тәуелсіздігін жариялар  сәтте осы сынаққа саяси жан бітіп, алдынан кесе көлденең шыққанын білеміз. Отаршыл көзқарас  әрекет- тәсілінен еш айнымайтыны  қашанда белгігілі еді. Жетпіс жыл бойы «халықтар достығы» деген  идеологияны жалаулатып келген  Кеңестер Одағының Бас Хатшысы М.С.Горбачевтың: «Қазақстанның  бес облысы да  Ресейге тиісті. Қазақстан бізден бөлініп шығатын болса, біз солтүстік облыстарды өзімізге қайтарып аламыз» деген ашық мәлімдемесі  жария болды.  Болашақта  осыған күш салатындары да рас еді, әрі  бұл аймақтардағы қоныстанған мұжықтардың ұрпағының саны да қазақтардан әлдеқайда басым болатын. Осыған қарамастан ешкімнің шешімін күтпей Тәуелсіз Қазақстан батыл саяси қадам жасады.

Тәуелсіздіктің ҰЛЫ жеңісі Н.Ә. Назарбаевтың Елорданың туын Арқа төсіне әкеліп тігуі болды. Бұл тарихи шешім!!!  Осылайша қазақ елі өз жерін қантөгіссіз сақтап қалу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Бірақ мемлекетті басқару жүйесіндегі мамандардың тым аздығы да, тәжірибесіздігі де қиындықтармен бетпе-бет келгені жасырын емес. Әлем елдері Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде  тани бермеді. Осы сәтте мемлекет мүддесі жолында жан аямас, жаңа серпін, білікті маман, алғыр саясаткер, күрескер қазақ баласы керек-ақ еді. Жетпіс жыл бойы «ағаға іні» болып, қолбаладай қалбақтап қалған  мінез бір сәтте аяқасты өзгере қоя ма?.. Сүйекке сіңіп кеткен ол мінезден халықты  кім азат етеді?.. Кешегі Алаш қайраткерлеріндей тең құқықты талап ететін, елдің еңсесін өзге жұртқа бастырмайтын, емпеңдеп, емініп құл болмайтын саяси тартыстарда есе жібермейтін ТҰЛҒА керек еді қазаққа. Әлихан Бөкейхан сөзімен айтқанда «Іс атқара алатын АДАМ» керек еді, қазаққа!!!

Тағдыры талай сәттіліктерді тарту еткен Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің жаңа лауазымға тағайындап отырған ұсынысынан өз еркімен бас тартады.  «Халқымыз аңсаған, арманға толы жаңа дәуір келді. Аянбай еңбек етіп, бар күш жігерімді туған елім – Қазақстан  игілігіне аямай жұмсар сәт туды» - дейді. (Қ.Тоқаев «Беласу»)


Тәуелсіздігін енді құрып, керегесін көтеріп жатқан қазақта кәсіби дипломат жоқ еді. Елдестіретін елшісі жоқ елдің  саяси ахуалының ілгері жылжуы да күмәнді еді.

Ол жаңа мемлекеттің  сыртқы  бағыт-бағдарын айқындайтын концептуальді ұсыныстар енгізді. Ал ондай ұсыныстар  тәжірибе жинаған, жастайынан  дипломатиялық қызметтің түрлі баспалдағынан өткен, әлем елдерінің саяси элитасымен қоян-қолтық араласқан Тоқаев сынды  ел тәуелсіздігі жолында іс бастай білетін тұлға екені де айқын болды.

Әлемдік саясатта оза шауып, елінің мүддесіне жанкештілікпен іс атқарды. Дипломат ретінде мойнына құрық салдырмайтын жүйріктігі, алғырлығы  сыртқы елдерге танылып үлгерді. Тоқаев өз еліне келгенде бойын жасырып ұстады. Бойын  қанша жерден жасырып ұстаса да ол – мемлекетшілдік санасы әбден қалыптасқан, саяси көзқарасы мемлекеттік мүддеден айнымайтын тұрақтылығымен   өзгелерден озық тұрды.

Ресей елшілігінде қызметте жүрген  жас жігітке (Тоқаевқа) әйгілі саясаткер Ли Куан Юдің қырағы көзі неге түсті?...

Ли Куан Ю Ресей елшісі Ю.И.Раздуховпен кездесу барысында  елшіден гөрі  назарын қайта-қайта қазақ жігітіне қарай бұра тарта беруі нені меңзеді?.. Реформатордың соншалық жылы ітипат танытып, Тоқаевтан: «Сіздің бабаларыңыз Кеңестер одағының қай тұстарында тұрады?» деп іш тарта сұрауы Раздуховтың көңіліне неге жақпай қалды?

Сол  жолы жас дипломат Тоқаев Сингапур мемлекетін құрған рефроматор, күрескер Ли Куан Юдің ұстанымынан   нені аңғарды?

«Менің қытай ұлтынан екенім айнаға қарағанда ғана есіме түседі. Ал анығында мен нағыз ағылшынмын» - деді реформатор.

Бұл шын сөзі ме?.. Өзгелерге ұнайтын, бірақ өзіне ұнамайтын  сөз бе?.. Астарлы, салмағы бар саяси сөз бе?.. Әлде расында қытай  ұлты екенінен бас тартып отыр ма?... Дәл осы пікірді – саяси ахуалды реттеу үшін айтып отырған жоқ па екен?.. Сингапур сияқты іргелі мемлекеттің қауіпсіздігі, дамуы, өркендеуі жолындағы  езуге күлкі ұялатып, сенімге селкеу түсірмейтін «саяси» әрекет пе?..

Өйткені алған білімі мен қабылдаған мәдениеті ағылшын болғанымен Ли Куан Юдың бүйрегі Қытайға бұрып тұрғаны Тоқаевқа айқын  көрінген.  Саясаттың сан қырлы өткір жүзі  мынау салиқалы тұлғаның тереңінде не жатқанын сездірді. Сондықтан ол өзінің назарын жас жігітке көбірек аудара отырып, тамырына қан жүгірткендей болды. Дана қарт жас жігітке: «Ішіңдегі өзегің - өзіңдікі. Содан айырылма, қарағым!!!» дегені ме екен, кім білсін...

 

Дәуір дауысы немесе Әлихан Бөкейхан


Өткенге қарап, болашақ болжанады. Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста да тақыр жерден егін орылған жоқ,  білектің күші найзаның ұшымен   қорғалған бабалар арманы мен мақсаты, қол жеткізген ұлы мұрат болды. Айқасып та, шайқасып та бас көтерген, қол жинап, қанға бөккен қазақ даласы дәуірдің талай сынын бастан кешкені ақиқат.

Кенесары  хан көтерілісінен кейін Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері Теңдік пен Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін отаршыл елдің саясатына қарулы көтеріліспен төтеп берудің  заманы әлі тумағанын,  ашық күрестің әлі ерте екендігін іштей  түсінді. Сондықтан дамыл таппай, ұлтты оятып, өркениетті елдердің мәдениетінен, ғылым, өнер-білімінен үлгі алу, үйрену жолын үйлестірді.  Ұлт зиялыларының басын осы мақсатта біріктіруге ұмтылыс жасады.

Әлихан Бөкейхан қазақ ұлтының қан тамырынан өзегіне  дейін тарихы мен шежірелі тегіне дейін,  фольклоры мен әдебиетін терең зерттеп, мағлұмат жинады. Әлихан Бөкейханның ғылыми тұжырымдамалары қазақ ғылымының негізіне айналды. Халықтың тұрмыс-салтын, адамгершілік, мәдениет тұрқына, діні мен салтына үңілді. Қазақ нені кәсіп етсе,  ненің пайдасын көксесе соның негізіне, түп-тереңіне Әлихан Бөкейхан ғұмыры мен білімін арнап отырды. Қазақ ұлтының тең құқылы мемлекет болуының жолын іздеді, саналы түрде осы жолда бел байлап, басын тігіп, ұлт тағдыры жолында  қайтпас күрескерілікті бетке алды. Осы мақсатта шет ел ғалымдарымен де, саясаткерлерімен де тіпті масондар қоғамына да кіруден тартынбады. Бірақ Уақытша үкіметтің басында отырған масондардың қазақ халқына  автономия беруден  бас тартуын білген сәтте-ақ, кадет партиясының Орталық комитетінен де, партия қатарынан да шығуына тура келді.

Ұлт мұраты жолында аянар жаны қалмады. Ұлт азаттығы жолында Әлихан Бөкейхан күрескер, кемел саяси қолбасшы еді. Экономика  қағидаларымен  сауатты қаруланған, саяси күрестің әдіс-тәсілдерін әбден игерген, тәжірибе-сынақтан мүдірмейтін Әлихан Бөкейханды отаршыл пиғыл таңдаған жолынан жаңылдыра да, адастыра да алмады. Қай тұстан болса да ұлттың пайдасына жанын салып бақты.  Кіммен болса да ымыраға келе отырып, ұлт болашағын өркениетті елдердің  қатарына қосу - Әлихан Бөкейханның ұлы арманы еді.


Ресейдің түпкір-түпкірінен қазақ даласына көлдей ағылған қарашекпенділерге дем берген П.Столыпиннің реформаторлық саясатын Әлихан Бөкейхан  батыл сынға алады. Саясаткер көрегендігімен, саяси әрекеттерімен  ой-арманын жүзеге асырар болса Әлихан осы жолда талай белестің төбесіне ту тікті.

Жала жүрмейтін, біліктілігі бұлтартпайтын, сауаттылығы сес көрсететін Әлихан тұлғасы отаршыл генералдардың тыныштығын бұзды.  Тырнақ астынан кір тапқысы келетін  саяси көзқарас - кір тұрмақ «тырнақтың» өзін таппай дал ұрғандай еді. Өйткені Әлихан ұлт  теңдігінің жоқтаушысы ретінде жан-жақты сауатты күрескер болды.

Әлихан Бөкейхан өзінің бойындағы бүкіл білім-қуатын да, тәжірибесін де, саяси  бағыты мен ұстанымын мемлекет құру жолына арнады.

Әлихан Бөкейхан «Автономия боламыз десек, шешуі қиын бір жұмбақ бар» дей келе ол ойын да ашық жазады.

«... Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас; бұл облыстарда мұжық пен қазақ қым-қиғаш аралас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, алғы қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады, қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес; көшсе ақылсыздық болады: қазақ жерінің ең жақсысы осы мұжықпен аралас отырған жер...» демек қазақ шұрайлы жерінен  ауа көшіп кетуге тиісті емес. Қазақ өзі отырған жерге иелік етпек. Қазақ қоныстанған жер оның өз жері!!!

Саяси күрес жолы бір толастамады. Қазақтың жер тағдыры да қыл үстінде еді. Жиі-жиі абақтыға түсе берудің ақыры Әлихан Бөкейханның ҰЛЫ армандарының жолын жауып, өзегін тарылта түсті. Тағы да абақты...

«...Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шаһкерім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн болған едік. ...Мен абақтыда жатқанымда олар тағы келіп амандасқан. Бұған өзге қазақ жарамайды-ау, деймін. Абақтыдан шыққан соң, бір түн Қаражан үйінде бір болып, мені Қарқаралыға Омарбек, Кәкітай шығарып салып, хош айтысқан жерде құшақтап жыласты. Жауға бел бермеймін деп қарысып, тістеніп, буындырған қысаны сыртқа шығармадым. Бекер жыламаған екенмін, тастан қатты деп ойладыңдар ма? Есіл ер шырақтарым-ай! Сонан бері, Омаш, Кәкішті көргенім жоқ. Арманды кестелеп жазуға  қалам, шіркін, шорқақ...»

Бұл Әлиханның   Абайдың інісі Ысқақтың үлы Кәкітайдың опат болғанын естігенде жазғаны екен.

«Буындырған қысаны сыртқа шығармадым» депті ұлт күрескері. Қазақ мемлекетін құру жолында әбден сағын сындырмаққа құрылған қайыс бұғаудан тал қарманар амал іздеп іштей ышқынып отырып жазса керек. Артында  қалып бара жатқан  қазақ жұрттының тағдыры қыл үстінде тұрғанын, ойындағы арман-мақсатының қашан, қай кезде жүзеге асатынын ойлап, қамықса керек. Ұлы іске ұмтылғанымен уақыттың жүгі бұл ойлағандай болмағанына, теңдіктің күні, тәуелсіздіктің таңы алыстан жылтыраған жұлдыздай бірде өшіп, бір жанып, бірде жалындап, бірде бықсып өлеусіреп тұтанып тұрғандай болар. Саяси күрестің өрті  талай күйдірсе де ӘДІЛЕТТІҢ  әппәқ таңын күткен болар. Тат басқан темір бұғаудың да күндердің бір күнінде іріп-шіріп, шашылып түсетінін сезген болар. «Арманды кестелеп жазуға қалам, шіркін, шорқақ» деп жазуы да  армандарын іске, әрекетке асырмақ жолдағы «қысаны сыртқа шығара алмаған» ащы запыран аралас  ҮМІТІ ме екен?..

Ол аңсаған үміт –халқы сауатты,  шаруасы қуатты, жері бүтін, өз алдына мемлекет құрған ТӘУЕЛСІЗ  елін армандады.  Іс бастар ұрпаққа аманатын жүктеп, арманын кестелеп қалдырды.

Келер ұрпақ бүгінгіге мін тақпайтын ӘДІЛЕТТІ қоғам, ӘДІЛЕТТІ заң үлгісін жасау. Қазақ елінің  мәңгілігіне біртұтас ұлт болып, берекелі қоғамның  іргетасын қалау жаңа кезеңнің, Жаңа Қазақстанның үлесінде.

Роза  МҰҚАНОВА, жазушы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар