«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «ҚазТАГ» агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Касеновқа қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz "KazTag"-қа сілтеме жасап.
Қордың мәліметінше, 9 желтоқсан күні шамамен сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін Астана қалалық Полиция департаментінде Әсет Матаевтан тергеу амалдары аясында жауап алынған. Одан кейін бірден бас редактор Әмір Қасеновтан да жауап алу басталған.
«Әділ сөз» ұйымы тергеу барысында бірқатар құқықтық норманың бұзылғанын атап өтті.
«ҚазТАГ – еліміздегі тәжірибесі мол және ықпалды ақпараттық агенттіктердің бірі. Ол жай ғана БАҚ емес, Қазақстанның қазіргі тарихының маңызды бөлігі», – деп мәлімдеді қор.
Ұйым қазіргі ақпараттық кеңістіктің жаһандық платформалар алгоритмдерінің ықпалына көшуі жағдайында ұлттық тәуелсіз медиа құралдарын сақтау қоғам үшін де, елдің ақпараттық қауіпсіздігі үшін де аса маңызды екенін атап өтті.
Фонд құқық қорғау органдарын қылмыстық-процестік заңнаманың барлық нормаларын сақтауға, тергеу амалдарының ашықтығын қамтамасыз етуге және журналистердің кәсіби құқықтарын қорғауға шақырды. Сондай-ақ ұйым жағдайды мұқият бақылауды жалғастыратынын жеткізді.
Істің мән-жайы
Freedom Finance компаниясы агенттіктің өзі туралы жарияланған материалдарына байланысты КазТАГ-қа қарсы арыз түсірді. Редакцияның хабарлауынша, бұған дейін басылым компаниядан зардап шеккен бірнеше адамның мәлімдемесін жариялаған. Мақалада Freedom Finance басшылығының «қаржылық алаяқтық схемаларын» жүзеге асырғаны жөнінде ақпарат келтірілген. Қаржы компаниясы бұл деректерді өз беделіне нұқсан келтірді деп бағалап, полицияға шағымданған.
Аталған арыз негізінде КазТАГ бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Амир Қасенов «жалған ақпарат таратуы мүмкін» деген күдікке ілінген. Олардың адвокаттары күдікті ретінде тану және сараптамаларды жасырын тағайындау заң талаптарына сәйкес келмейтінін атап өтті. Айтуларынша, тергеу бірнеше ай бойы редакцияға хабар берілмей жүргізілген.
