Адал еңбектің арқасында өзгелерді жұмыспен қамтып отырмын – кәсіпкер

Қуаныш Ермекова 28 ақп. 2024 12:43 1290

Еңбек адамы ел ішінде де абыройға ие. Мемлекет те «жұмыс істеймін, кәсіп бастаймын, белгілі бір істі қолға аламын» дейтін азаматтарға қолдауды аямайтыны анық. Олардың қатарында шағын кәсіптің арқасында өзін ғана емес, өзге азаматтарды да қамтамасыз етіп отырған, еңбекті сүйген, басқаларды да еңбексүйгіштікке баулып отырған адамдар баршылық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауларында кәсіпкерлікті дамыту Қазақстан назар аударуы қажет басым бағыттардың бірі екенін бірнеше мәрте анық айтқан еді. Соның ішінде жауапты органдарға бизнеске қаржылай қолдау көрсету серпін алуы қажет екенін тапсырды. Бұл тұста 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бөлінетін мемлекеттік гранттарға да ерекше тоқталып өту орынды. Мұндай бағыттағы жұмыстар Қазақстанның түкпір-түкпірінде, әр өңірде белсенді түрде қолға алынып, бүгінде өз нәтижесін, жемісін беріп жатыр. Соған орай ел арасында да нағыз «еңбек адамының» бет-бейнесі қалыптасып келе жатыр. Өз кәсібін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған азаматтың бірі – Жетісу облысы Талдықорған қаласының тұрғыны Жақсылықов Ерлік Бейбітұлы.

Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаттарына сәйкес 2023 жылы Талдықорған қаласының тұрғыны Ерлік Бейбітұлы өзінің «Paradise tree» атты жеке кәсіпкерлігінен кәсіпкерлік бастамасына көмек алу үшін шағын несие алу мақсатына Агрокредиттік корпорацияға жүгінген. Нәтижесінде кредиттік комиссияның 4-ші отырысында, яғни 2023 жылғы 25 мамырда ағаштан жасалған бұйымдарды шығару үшін негізгі құралдарды сатып алуға 5 000 000 теңге сомасындағы бизнес жоба мақұлданған. Осы орайда Ерлік Жақсылықовтың өзімен сұхбаттасып, бұл кәсіпті қалай ашқанын сұрап көрдік.

 

– Өзіңіз туралы таныстырып өте аласыз ба? Қай өңірдің тумасысыз? Бұл кәсіпке бұрыннан қызығасыз ба?

– Мен 1989 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Ал Талдықорған қаласына көшіп барғаныма үш жылдай уақыт болды. Туысқандарым, бауырларым осы жақта тұрады. Негізі әйелім Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Өзі – суретші, дизайнер-интерьер. Мен де шығармашылыққа, өнерге, суретке салуға жақынмын. Макеттер жасаймын.

– Ағаштан бұйымдар жасау деген идея қалай келді? Кез келген дүниені бастауға бір негіз керек қой. Сіздің тәжірибеңізде қалай болды?

– Тойларға мейрамханаларға барамыз. Сол кезде астауларының сапасы аса ұнамайтын, нашар болатын. Нарықты зерттедім. Жақсы бір сапада өзім жасасам ба екен деп ойладым. Кейін сол астауды жақсы сапада шығарып, тойханаларға сату деген ой да болды.

– Ал кәсіп ашуға қаржыны қайдан алдыңыз? Жасырын болмаса, қанша ақшамен бастадыңыз?

– Осылайша идея келген соң қаражат іздей бастадым. Сол қаражатты іздеп жүрген кезде екі жарым пайызбен жас кәсіпкерлерге агрокредит беріліп жатты. Бизнес жоспарымды жасап, дайындалып барып өткіздім. Комиссияға тапсырып, екі жарым пайызбен агрокредит алдым. Жалпы 5 миллион теңге. Сол 5 миллион теңгеге екі станок алдым, қалған құрал-жабдықты өз ақшама алдым. Сөйтіп, шағын бизнес аштық.

– Бұл жұмыспен өзіңіз ғана айналысасыз ба? Әлде қоластыңызда тағы да адамдар бар ма?

– Аллаға шүкір, қазір 4 адам жұмыс істейді. Оның екеуі – өз бауырым. Екеуін шеттен алғанмын. Осылайша, үш отбасын асырап отырмыз. Айлықтары да жақсы. Кем дегенде 200-250 мың теңге алады. Бұл кәсіппен айналысқанымызға бір жылдай болып қалды. Табыс жақсы, құралдар да жақсы.

– Ал тапсырыс жағы қалай? Құйылған қаржы, мемлекеттен бөлінген көмек, өздеріңіздің еңбектеріңіз белгілі бір деңгейде ақталып жатыр ма? Нәтиже бар ма?

– Тапсырыс та көп, Аллаға шүкір, үлгермей жатырмыз. Айына 30 куб ағашты өңдейміз. Айына 600 астау сатамыз. Бір астаудың орташа бағасы – он мың теңге. Тойханалар, базарлар, кафелер, Instagram арқылы сататындар көтерме бағамен алады. Біз тек астау жасамаймыз, тоғызқұмалақ жасаймыз, стейкке, пиццаға ағаштан ыдыстар жасаймыз, тақтайлар да шығарамыз. Ағашқа қатысы бар нәрселердің бәрін жасаймыз.

– Кәсіпті алға қарай қандай бағытта дамытамын деп ойлайсыз? Нақты жоспарларыңыз бар ма? Болса, бөлісе аласыз ба?

– Болашақта цех саламыз деген ойымыз бар. Жерімізді алып қойдық. Осы күзде грантқа қатысқанбыз. Бірақ ұта алмадық. Негізі бизнес жоспарымыз жақсы болатын. Биыл тағы да қатыссақ деген жоспарлап отырмыз. Бөлек инвестиция іздесек пе деген ойымыз да бар. Өйткені ағаш кептіруге тағы да құрал-жабдықтар алуымыз керек. Жалпы жоспар көп, тек дами бергіміз келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар