2025 жылдың 26 қыркүйегінде Абай университетінде 1-курс студенттеріне арналған дәстүрлі «Qosh keldin, Student» студенттік қабылдау кеші өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz
Кеш сағат 16:00-де салтанатты түрде ашылып, дәстүрлі фанфардың даусымен және Абай университетінің жас өнерпаздарының «Abai enerjy» биімен жалғасты. Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлының жалынды құттықтау сөзі студенттерге үлкен сенім мен шабыт сыйлады.
– Ұлы Абайдың есімін иеленген қара шаңыраққа қош келдіңіздер! Сіздер үшін арман ақиқатқа айналды. Кешегі 8 мыңнан астам талапкер бүгін Абай университетінің шәкірті. Елімізде 127 жоғары оқу орны бар, бірақ сіздер еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны – Абай университетін таңдадыңыздар. Өйткені, Абай – дана қазаққа, Абай университеті – дара қазақта. Жүз жылға жуықтаған тарихы бар қасиетті қара шаңырақ бойларыңыздағы жігер мен талантқа жарық жол ашады деп үміттенем, – деген Б.Тілеп салтанатты түрде шараны ашты.
Биылғы ҰБТ-дан 140 балл алып, Абай университетін таңдаған Санжар Қуандықұлы білім жолындағы жауапкершілікке байланысты барлық бірінші курс студенттерінің атынан ант берді.
Кеш барысында университеттің талантты студенттері сахнада үздік өнерлерін көрсетті. Әлеуметтік желіде танымал, Абай жастарының жүрегіне жол тапқан «Абайымнан тапқаным» әнінен бастап, «Жас STAR» тобының заманауи поппурилері, филология факультетінің «Айдай» би тобының әсерлі «Abai World» биі, шетелдік студенттердің қазақ тіліндегі «Абайға арнау» әні және «Көшедегілер» жайдарман командасының әзілдері кештің сәнін кіргізді. Сонымен қатар, «A-BLUSE band» тобының жаңа музыкалық нөмірлері жастарды әуен мен ритмге бөледі.
Қазақ эстрадасының жұлдыздарының сахнаға көтерілуі одан әрі салтанат көрігін қыздыра түсті. Құнды хедлайнерлер қатарында QANAY, Қуандық Рақым, Бағлан Әбдірайымов және Нұрболат Абдулин сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сонымен бірге, факультеттер арасында өткен «Үздік стиль» байқауы ерекше қызығушылық тудырып, жеңімпаздарға сауда орталықтары мен университеттің қолдауымен бағалы сыйлықтар табысталды.
Студенттер мен қонақтар кеш соңында ұйымдастырылған би кешінде көңілдерін көтеріп, ерекше атмосферада әдемі уақыт өткізді. Пайдаланылған жарық эффектілері, аспандаған әуе шары мен салтанатты отшашу шараның ерекше көркемдігін арттырды.
Шараға қатысқан студенттер «Абай университетінің студенті атану – үлкен мәртебе» деп мақтанышпен атап өтті. Олар бұл кештен алған әсерлерін бөлісе отырып, білім алудың, өнерге деген сүйіспеншіліктің және бірлік сезімінің қаншалықты маңызды екенін ерекше сезінгендерін жеткізді.
– «Мен Абай университетінің студенті екеніме шын жүрегіммен мақтанамын. Осындай ерекше кешке қатысып, өзімді білім ордасының бір мүшесі ретінде сезіндім. Бұл шара бізге жаңа достар табуға, шығармашылық қабілеттерімізді көрсетуге мүмкіндік берді», – дейді еліміздегі тұңғыш университеттің табалдырығын жаңа аттаған Айжан.
Ұйымдастырушылар жас шәкірттерге алдағы уақытта да осындай рухты көтеретін, білім мен өнерді ұштастыратын кештердің жиі өтетінін жеткізді. Сөйтіп, қара шаңырақта жаңа тарихтың жаңа парағы ашылды.