Абай облысында әскери сарбаз бен ата-анасы жол апатынан қаза тапты

Ақтоты Жапатова 30 мау. 2025 11:20

Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз ата-анасымен бірге демалыстан бөлімге оралу кезінде жол-көлік оқиғасына ұшырап, үшеуі де көз жұмды. Жантүршігерлік оқиға 28 маусым күні Абай облысындағы Өскемен – Алматы тас жолында болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, сарбаз бен оның ата-анасының денелерін тұрғылықты жеріне жеткізу үшін әскери ұшақ бөлінгенін мәлімдеді. Сондай-ақ қаза тапқандардың туыстарына тиісті көмек көрсетілетінін хабарлады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Lumiere көлігінің 62 жастағы жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, қарсы келе жатқан Toyota Land Cruiser автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Lumiere жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды", – деді Абай облыстық полиция департаменті.

Кейін жол апатында қаза тапқан төртінші адамның сарбаз бен оның ата-анасын бөлімге жеткізіп бара жатқан такси жүргізушісі екені анықталды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Істі полиция мен уәкілетті органдар тергеп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар