Абай облысы, Бесқарағай ауданында «Киелі мекен» экологиялық акциясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, көпбалалы аналар, жастар, еріктілер мен аудан тұрғындары қатысты.
Акцияның мақсаты - тарихи-мәдени ескерткіштер мен олардың аумағын сақтау және қалыпты жағдайда ұстау. Биыл Ақкөл мешітіне 117 жыл толады.
1907 жылы салынған көне мешіт Омбы-Майқапшағай республикалық тас жолынан «мен мұндалап» анық көрінеді. Мешіт бірде-бір шеге қағылмай, таза ағаштан салынған ғажайып нысан.
Құлшылық үйі белгілі саудагер, қажы Сұлтан Фазылбековтің мұрындық болуымен салынған. Құрылыс жұмыстарына Ертіс бойындағы әр өңірден материалдар жеткізіліп, үздік башқұрт сәулетшілері тартылған.
Кеңестік дәуірде мешіт жабылып, бастауыш мектеп, кітапхана, ауылдық клуб есебінде пайдаланылған. Салынғанына ғасырдан асса да өзінің қалпын сақтап тұрған мешіт облыстық тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие.
Бесқарағайлықтар «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып жатқанын айта кетуіміз керек. Биыл ауданда 230 көшеге абаттандыру жүргізіледі.