Абай облысы әкімдігі 400 млн теңгелік жиһаз алу тендерін тоқтатты

Ақтоты Жапатова 27 мау. 2025 16:06

Абай облысы әкімдігі 410 миллион теңгеден астам сомаға жоспарланған жиһаз сатып алу рәсімін тоқтатты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған деректерге сәйкес, бұған дейін жиһаз дайындауға арналған тендер жеті рет өткізілген. Алайда, әкімдік әр жолы оны жоюға мәжбүр болған. Бұған себеп – әлеуетті жеткізушілердің құжаттарының талапқа сай болмауы. Осыдан кейін сатып алуға қатысу шарттары қатаңдатылып, нәтижесінде соңғы лот та күшін жойды.

Әкімдік жаңа жиһаздың не себепті қажет екенін де түсіндірді. Қазір мемлекеттік қызметкерлер ескі, тозығы жеткен жиһазбен жұмыс істеуге мәжбүр. Олардың бір бөлігі бұрын Семей қаласы әкімдігінің балансынан есептен шығарылған, жарамсыз мүлік болса, енді бірі – қызметкерлердің өз үйінен әкелген жиһаздар.

"Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік орган жиһаз жасауды ұйғарған. Жиһаздың сапасы мен оған қойылған талаптарға қатысты сын айтуға болмайды, өйткені бәрі Қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес жасалған", – делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін қоғамда облыс әкімдігінің 410 млн теңгеге жиһаз алуға қатысты жоспары қызу талқыланған еді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар