Абай облысында жоғалып кеткен әйел 18 сағатқа жуық уақыттан кейін табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
17 маусымда сағат 00:36-да 102 арнасына Курчатов қаласының 46 жастағы тұрғыны жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша әйел үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
Хабар түскен бойда полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары іздеу жұмыстарына кіріскен. Іздеу барысында қала көшелері, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен маңайдағы аумақтар мұқият тексерілген.
17 сағат 46 минуттан кейін учаскелік полиция инспекторлары әйелді қаладан шамамен 25 шақырым жерде, өзен жағасынан тапқан.
Әйел қалың шөп басқан, батпақты жерде болған. Ол қатты қорқып қалғандықтан өздігінен қозғала алмаған. Оған жету үшін полицейлердің бірі батпақты жерден жалаңаяқ өтуге мәжбүр болған.
Тәртіп сақшылары әйелді қауіпсіз жерге шығарып, көмек көрсетті. Кейін ол туыстарына табысталды.