InDrive негізін қалаушы Арсен Томский Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығындағы киімдердің бағасын сынға алды. Бұл туралы ол Threads желісінде жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, ол маусым айының басынан бері Алматыда болмаған. Қалаға оралған соң киімі аз екенін байқап, жақын жердегі Esentai Mall сауда орталығына барған.
"Жұмсартып айтқанда, мен аса кедей адам емеспін. Бірақ мың доллар тұратын футболкалардың бәрін кім сатып алады? Ең бастысы, не үшін?", – деп жазды Томский.
Айта кетейік, Forbes Kazakhstan-ның 2026 жылғы мамырдағы рейтингі бойынша, Томский Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің арасында 12-орында тұр. Басылым оның дәулетін 865 млн долларға бағалаған.
Бұған дейін, тамыз айында, Томский Камила Лұқпановаға үйленген еді. Олардың тойы Түркияның Ыстанбұл қаласында, Босфор жағалауында өтті.